Медицинаға - 8 міндет: Президент Ақтөбедегі форумда қандай тапсырмалар берді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтөбедегі медициналық форумға қатысып, министрлік пен әкімдікке 8 міндет жүктеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде «Халықтың денсаулығын сақтау: саясат, ғылым, білім, алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек практикасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

«Азаматтарымыздың өмір сүру ұзақтығы 6 жылға өсті. Сала инфрақұрылымы айтарлықтай жаңарды. 219 жаңа аурухана, 1200-ге жуық жаңа заманауи емхана мен амбулатория салынды. Біз бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгіздік. Енді әр емделуші клиника мен дәрігерді өзі таңдайды. Тегін дәрі-дәрмекпен қамтылған адамдар саны 14 пайызға өсті. 2018 жылы 3,6 миллион адамға осындай көмек көрсетілді. Республикалық клиникалар бұрын тек шетелде жасалатын күрделі оталарды орындауда. Алайда азаматтарымыздың тең жартысына жуығының отандық медицина сапасына әлі де көңілі толмайды. Ана мен бала өлімі әлі де азаймай тұр. Соған байланысты денсаулық сақтау саласының сапасын жақсартып, жұмсалатын шығындарды жалпы ішкі өнімнің 5 пайызына дейін ұлғайту міндеті қойылды», - деді Президент.

Медицинаға 8 міндет жүктеген Мемлекет басшысы алдымен медициналық қызмет сапасын арттыруға тоқталды.

«Медициналық-санитарлық көмекке баса назар аудару керек. Алғашқы көмек сапасын арттыру үшін учаскелік дәрігерлердің жалақысын өсіріп жатырмыз. Сапалы медициналық қызмет кез келген адамға қолжетімді болуы керек. Ауылға баратын мобильді медицина жүйесін қосып, телемедицина, қашықтықтан қызмет көрсетуді жандандырамыз. Қазір жылжымалы медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Осы мақсатқа 2022 жылға дейін республикалық бюджеттен 27 миллиард теңге бөлінеді. Министрлік пен әкімдік медициналық аппараттарды сатып алудың ашықтығын қамтамасыз етуі тиіс. Осы процесті орталықтандырып, сапалы медициналық құрылғы сатып алуды қамтамасыз етуді тапсырамын. Үкімет осы сұрақты бақылауы керек», - деді Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаев.

Екіншіден, дәрі-дәрмек бағасы мен сапасын бақылау. Президент нарықта бәсекелестік болмай, азаматтар белгілі бір дәрі-дәрмекті қымбатқа сатып алатынын жасырмады. Үшіншіден, дәрігерлерді қызметінен тыс жұмыстардан босатуды тапсырды. Яғни, олар тек емдеу, біліктілігін арттыру ісімен айналысуы керек. Бұл Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексте бекітіледі.

«Төртіншіден, аурудың алдын алу, оңалту жұмыстарын жүргізу. Ауруды емдеуден гөрі алдын алған оңай. Оны бәрі біреді. Бірақ қазір алдын алуға барлық қаржының тек 4 пайызы бөлінеді. Яғни, 49 миллиард теңге. Алдағы жылдары осы бағыттағы жұмысты жандандыру керек. Министрлік мен әкімдікке ауыл тұрғындарын скринингтен өткізуді ұйымдастыру тапсырылады. Адамдар өз денсаулығына жауапты болуы тиіс. Медициналық сақтандыру қорының жұмысын да түсіндіру керек. 2019-2021 жылдары 7 өңірге 10 медициналық мекемені салу үшін 120 миллиард теңге бөлінеді. Аудандық аурухана мен емхананың техникалық базасы жаңарады. Бұл жұмыс 2020 жылдың аяғында аяқталуы тиіс. Уақыт аз, жұмыс көп», - деді Президент.

Кадр сапасын арттыру алтыншы тапсырма болды. Алдағы уақытта клиникалардың бір бөлігін жоғары оқу орындарына беру міндеті тұр. Жетіншіден отандық медицина ғылымын дамыту көзделді. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент жоғары медициналық технология орталығына айналады.

«Сегізіншіден, денсаулық сақтау саласын цифрландыру. Бұл - медицинаны алға жетелейтін жұмыс. Бірақ қазір цифрландыру жұмысы көңіл көншітпей тұр. Бұл - міндетті медициналық сақтандыруды кейінге шегеруге алып келген кедергі болатын. Әр емхана мен аурухана құжаттарын жеке-жеке жинайды, ал тапсырма бойынша бұл ақпарат бәрінің ортақ базасында болуы керек. Сондықтан Үкіметке бұл жұмысты 2019 жылдың 1 қазанына дейін аяқтауды тапсырамын», - деді Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар