Медицинада жемқорлықтың барын дәрігерлердің өздері мойындайды - сауалнама

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Зубр» консалтинг орталығы халық арасында сауалнама жүргізіп, тегін медициналық қызмет көрсету саласындағы жемқорлықтың деңгейін анықтап көрді. Бұдан бөлек, ондай сауалнама дәрігерлердің арасында да жүргізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық басшысының орынбасары Наталья Терехованың айтуынша, сауалнама барысында жемқорлыққа қатысты жалпылама сұрақтар қойылған жоқ. Мәселен, халық арасында «Тегін медициналық қызмет кезінде дәрігерге материалдық сый-сыяпат жасадыңыз ба?» деген сауал қойылды. Сол кезде адамдардың 22 пайызы ондай «сый-құрмет» жасағандарын мойындады. Алайда оны өз еркімен істегендерін жеткізді. «Шыны керек, бүгінде ел азаматтарының өзі ризашылық білдіреміз деп, дәрігер мамандарды дәметтіріп қояды. Ондай қарым-қатынас менталитет деңгейінде қалыптасып отыр. Мәселен, сауалнамаға қатысқан кейбір адамдар эмоцияға беріліп, біз ондай сый-сыяпатты неге жасамаймыз, менің ұлым немесе қызым туса, олардың дүниеге келуіне себепкер болған медбикелер де алғысқа лайық қой деп, бізге қарсы сұрақ қойды. Сонда байқап қарасақ, бұл қарым-қатынас кәдімгідей менталитет болып кетті. Бұл тегін медициналық қызмет қой. Неге біз ол үшін материалдық сый-сыяпат жасауымыз керек? Адамдар осыны түсінбейді», - дейді Н.Терехова. Дегенмен, сауалнама барысында жауап берген халықтың 6 пайызы материалдық сый-сыяпат беруге дәрігерлердің өздері емеурін жасағандарын айтқан.

Осыдан кейін жемқорлыққа қатысты сауалдардың парақшасы медициналық қызметкерлер арасында таратылды. Сонда дәрігерлердің 30 пайызы жауап беруге қиналып, қалыс қалғанды жөн көрді. «Енді, ашығын айтқанда, бәріміз сан алуан анкеталар мен сауалнамаларды толтырып жатамыз ғой. Сол кезде «қалыс қаламын» дегенді не үшін таңдаймыз? Біріншіден, ол сұраққа жауап бергіміз келмейді, яғни кейбір ақпаратты жасырған жағдайда сондай таңдау жасаймыз. Олай істеген жеңіл. Себебі біздің жауап бермегенімізді біреулер біліп қоюы мүмкін деп қорқамыз. Дегенмен, осының өзі бір көрсеткіш болып саналады», - дейді Н.Терехова.

Сауалнама барысында медициналық қызметкерлер екі топқа бөлінді. Бір жағы жемқорлыққа қатысты халықтың пікірі қате қалыптасты десе, екінші топ медицина саласындағы жемқорлықтың барын мойындап, ондай әрекеттер бүкіл ақ халаттылардың абыройына нұқсан келтіріп отыр деп санайды. Айта кеткен жөн, сауалнама анонимді түрде ұйымдастырылды. 

Соңғы жаңалықтар