Медицина үшін мемлекеттік қолдау өте маңызды - дәрігер

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған медицина саласына қатысты өзекті мәселелер туралы «Керуен-Medicus» медициналық орталығының директоры Айгүл Шалбаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін аса үлкен ықыласпен тыңдадық. Біз үшін ең қуанышты жайт - «БЖК-2020» бағдарламасының 2025 жылға дейін созылатыны болып отыр. Осының арқасында медицина саласына инвестиция салу қарқын алмақ. Ауыл шаруашылығы, медицина саласына мемлекеттік қолдау өте маңызды», - деді А.Шалбаева.

Дәрігер Елбасының Жолдауында ішкі туризмді дамыту мәселесі көтерілгенін айтты.

«Астана мен Алматыда көп клиникалар адамдарға сапалы медициналық қызмет спектрін ұсынады. Біз сыртқы медициналық туризмді қысқартып, адамдардың бізге келіп емделуіне жағдай жасауымыз керек. Мемлекет басшысы айтқандай, медициналық көмектің сапалылығы мен қол жетімділігі - адамның әлеуметтік жағдайын көрсететін индикатор. Бұл сала бізде әлі дамып келеді. Алайда, қазірдің өзінде шетелдіктер тарапынан сұранысқа ие қызмет түрлері көп. Алматыға көбіне әйелдер  босануға, ЭКҰ жасауға келетіні рас», - деді маман.

Дәрігерлер жалақы көтерілетіні жайлы жаңалықты қуана қарсы алды.

«Бізді мемлекеттік мекемелерде жалақының көтерілетіні жайлы жаңалық қуантып отыр. Бұл, сөз жоқ, дәрігерлер жұмысының тиімділігін арттырмақ. Ең бастысы медицинаға бөлінетін жергілікті бюджет ЖІӨ 10 пайызына дейін жетеді», - деді ол.

Айта кету керек, бүгін Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Қазақстан халқына Жолдауын жария етті.

Стратегиялық құжат еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттеріне арналған.

 

Соңғы жаңалықтар