Медицина шалғай аудан-ауылдарда да қолжетімді болуы керек - дәрігер

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Медицина шалғай аудан-ауылдарда да қолжетімді болуы керек. Бөкей ордасы аудандық орталық ауруханасының директоры Анарбек Белисанов осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның сөзіне қарағанда, Елбасы «Нұр Отан» партиясының ХVІІІ съезінде еліміздің әрбір тұрғыны білімді және денсаулығы мықты болуы тиіс екендігін атап өтті.

Мемлекет басшысы айтқанындай, тұрғылықты жеріне қарамастан, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетілуі тиіс.

Осы орайда денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың 40-тан 60 пайызға дейін арттырылып, қосымша 120 млрд теңгенің бөлінетіні дәрігерлер қауымын бір қуантып тастады.

Анарбек Бейбітұлының айтуынша, денсаулықтың маңызы қай кезде де аса жоғары. «Денсаулық - зор байлық» деп халқымыз тегін айтпаған. Адам баласы шыр етіп, дүние есігін ашқан сәттен бастап дәрігерлердің бақылауында болатыны белгілі. Бұл ретте сала мамандарына айрықша жауапкершілік жүктеледі.

«Бөкей ордасы - облыс орталығынан ең алыста орналасқан аудан. Тарихи ауданды қазіргі кезде 14 мың тұрғын мекендейді. Біздің мақсат - оларға еш кедергісіз, сапалы, тегін медициналық қызмет көрсету. Өткен жылы аудандық орталық аурухана электронды құжат айналымына толықтай көшті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы цифрлы рентген аппаратымен жоғары сапалы УЗИ-ді алып берді. Биыл да автокөлік алуға, электронды флюроаппарат, наркоз аппараты және басқа құрал-жабдықтарға сұраныс берілуде. Аудан әкімдігінің қолдауымен 13 нысанды күрделі жөндеу, газдандыруға құжаттар дайындалуда. Жасыратыны жоқ, маман тапшылығы бар. Алдағы уақытта медициналық ЖОО-ларды бітірген түлектер келсе, қуана қош алар едік. Ең бастысы, Гиппократ антына адал болып, тұрғындарға қолдан келген жәрдемнің бәрін көрсете бермекшіміз», деді ҚазАқпарат тілшісіне А.Белисанов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын университет оқытушысы білім саласына тың өзгерістер қажеттігін айтқан болатын.

Сондай-ақ басшы-ұстаз инновациялық мектептер алдында үлкен міндеттер тұрғандығын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар