Медицина мекемелерінен ақша бопсалап келген екі түркістандық ұсталды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында медицина қызметкерлерін бопсалап келді деген күдікпен екі тұрғын ұсталды. Олар Мақтаарал және Жетісай аудандарында орналасқан медицина мекемелерінің қаржылық қызметі туралы мәліметті таратпас үшін ақша талап еткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Криминалдық полиция басқармасына медицина мекемесінің бірінің қызметкері арызбен жүгінді. Оның айтуынша, белгісіз біреулер мекеме абыройына нұқсан келтіретін мәліметтерді жария етеміз, бақылаушы органдардың жоспардан тыс тексеруін ұйымдастырамыз деп қорқытып, одан 32 миллион теңге бопсалаған. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 194-бабы 4-бөлігі «Аса ірі мөлшердегі бопсалау« бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеді. Қылмыстық топты ұстау және қылмысты ашу мақсатында Түркістан облысы бойынша ПД Криминалдық полиция басқармасы мен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлерінен арнайы топ құрылып, кезек күттірмейтін тергеу жұмыстары кешені жүргізілді. Жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде Жетісай қаласындағы дәмханалардың бірінде ірі көлемде ақша қаражатын бопсалап, алып жатқан Жетісай қаласының тұрғынын ұстадық. Күдіктіден айғақты зат ретінде 32 млн теңге көлемінде ақша тәркіледік», - деп атап өтті облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов.

Құрманбек Саховтың айтуынша, сезіктінің сыбайласы Шымкент қаласынан ұсталған.

«Шымкент қаласындағы мекемелердің бірінің жанында өткізілген тергеу әрекеттерінің нәтижесінде Түркістан облыстық ПД Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілдері, ҰҚКД қызметкерлері және Шұғыл әрекет ету арнайы жасағы бірлесіп, екінші күдікті – Мақтаарал ауданының тұрғынын ұстадық.

Бүгінде күдікті екеу уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта ұсталғандарға қатысты қажетті жедел-тергеу амалдары жүргізілуде», - деді ПД бастығының орынбасары Қ.Сахов.


Соңғы жаңалықтар