Медицина қалдықтарын көмумен айналысатын мамандарға біліктілік талаптары әзірленді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Медициналық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сақтау, кәдеге жарату, көму және пайдалану бойынша қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға қойылатын біліктілік талаптары әзірленді. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына орай ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мүдделі тұлғалардың ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында министрлік 2018 жылы Өндіріс пен тұтыну қалдықтарының мемлекеттік кадастрында «Медициналық қалдықтар» платформасын іске қосты. Медициналық қалдықтарды есепке алуды қамтамасыз ету бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілді. Яғни, 2019 жылы министрліктің медициналық қалдықтар туралы ақпарат беру тәртібін бекіту бойынша құзыреті заңнамалық түрде бекітілді, оны іске асыру үшін Денсаулық сақтау министрінің 2019 жылғы 31 наурыздағы № ҚР ДСМ-15 бұйрығымен қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға жыл сайын ақпарат енгізу бойынша медициналық қалдықтардың иелеріне (денсаулық сақтау субъектілері мен қалдықтарды кәдеге жарату және жою үшін мамандандырылған ұйымдар) қойылатын талаптарды регламенттейтін тиісті қағидалар қабылданды», - деді министр.

Оның атап өтуінше, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі жаңа кодексінде медициналық қалдықтардың ұғымдары мен жіктемесі берілді, медициналық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сақтау, залалсыздандыру, көму және (немесе) пайдалану бойынша қызметті жүзеге асыратын адамдарға қойылатын талаптар айқындалды.

«Кодекстің 101-бабын іске асыру үшін министрлік медициналық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сақтау, кәдеге жарату, көму және пайдалану бойынша қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға қойылатын біліктілік талаптарын әзірледі. Бұл ретте, белгіленген талаптар қауіпті медициналық қалдықтарды жинау, тасымалдау және залалсыздандыру бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша типтік конкурстық құжаттаманы әзірлеу кезінде пайдаланылуы тиіс деп санаймыз. Бұдан басқа Кодексті іске асыру аясында қауіпті медициналық қалдықтарды залалсыздандыру қауіпсіздігін тиісті бақылауды қамтамасыз ету үшін «Өндіріс және тұтыну қалдықтарын жинауға, пайдалануға, қолдануға, залалсыздандыруға, тасымалдауға, сақтауға және көмуге қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» санитарлық қағидаларының талаптары қайта қаралды және қалдықтарды залалсыздандыру сапасын бақылауға бағытталған қосымша талаптар енгізілді», - деді Алексей Цой.

Министрдің айтуынша, енгізілген түзетулер эпидемиологиялық тәуекелдерді азайтуға және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мен қадағалау тиімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Сонымен қатар лицензиялауға жататын қызмет түрлерінің тізімінен алып тастау жосықсыз, біліктілігі жоқ көрсетілетін қызметті берушілерге медициналық қалдықтарды кәдеге жарату бойынша қызметпен айналысуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 16 мамырдағы Заңына тиісті түзетулер енгізуді орынды деп санаймыз», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар