+7 (701) 759 90 19
USD 425.71 EUR 495.53
RUB 5.99 CNY 66.56
Jańalyqtar

Медиаға деген жауапкершілік күн санап артып келеді – Аида Балаева

2021 жылғы 27 қыркүйек 11:07
Бөлісіңіз:
Медиаға деген жауапкершілік күн санап артып келеді – Аида Балаева

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жаһандық сынақтарға лайықты жауап беру үшін медиаға деген жауапкершілік күн санап артып келеді. Бұл туралы «Astana Media Week – 2021» медиа апталығын ашқан ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл бесінші рет өтіп отырған Astana Media Week апталығына хош келдіңіздер! Жыл сайын өтетін ақпарат апталығы – әлемдік медиа үздіктерінің пікір алмасып, тәжірибе бөлісетін дәстүрлі диалог алаңына айналды. Бүгінгі заман – дамыған ақпарат дәуірі. Сондықтан, жаһандық сынақтарға лайықты жауап беру үшін медиаға деген жауапкершілік күн санап артып келеді. Себебі бүгінгі қоғамның ақпарат алуға деген сұранысы да, талғамы да өзгерді. Бұл өз кезегінде, үнемі үздіктер қатарынан көрініп, бәсекеге қабілетті болуды талап ететіні даусыз. Бұл медиа апталықтың атауы – «Фактілер мен эмоциялар». Соңғы 1,5 жылдың ішінде адамзатқа эмоциалық қысым күшейді. Ақпаратпен бірге берілетін қызбалық оны қабылдау әсерін бірнеше ерте күшейтеді. Сонымен қатар фейктер мен инфодемияның қазіргі әлемінде мықты, тексерілген факті журналистің кәсібилігінің негізгі белгісі саналады. Қоғамымыз бетпе-бет келген қиындықтарға қарамастан біз шексіз мүмкіндіктер дәуірінде өмір сүріп жатқанымызға нық сенімдімін», - деді министр.

Сонымен қатар ол пандемия кезіндегі журналистиканың айрықша миссиясын, оның елдегі тұрақтылықты сақтаудағы, сенімді әрі түпкілікті ақпаратпен қамтамасыз етудегі рөлін ерекше атап өтті.

«Осынау екі күнде бізді онлайн және офлайн алаңдардағы іс-шаралар күтіп тұр. Біз жүзбе-жүз және қашықтан әңгімелесу басымдықтарын біріктірдік. Ниет танытқан барлық адам іс-шаралардың онлайн-трансляциядан көре алады. Медиа апталықтың жұмысына әлемдік беделді БАҚ-тың топ-менеджерлері, мемлекеттік аппарат өкілдері, АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстаннан танымал журналистер, документалистер және блогерлер қатысады», - деді ол.

Министр «Astana Media Week» әлемдік медиадағы мақсаты – ортақ, бағыты – бір, кәсіби мамандарды бір арнаға тоғыстыратын бірегей жоба екендігін баса айтты.

«Ең бастысы – осындай ортақ алаңдарда өзара жақын танысып, пайдалы кеңестер тыңдауға мүмкіндік алу – медиа саланың нәтижелі дамуына тың серпін береді деп сенемін! Баршаңызға жемісті де нәтижелі жұмыс тілеймін!»,- деді Аида Балаева.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Марлан Жиембай

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT