Медиа-тұлғалар мүмкіндігі шектеулі жастарға әлеуметтік роликтер түсіруді үйретуде

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Батыр бол!» Әлеуметтік жарнама мектебі« атты жобаға мүмкіндігі шектеулі жастар арасында іріктеу жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік жобаға 15-30 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Алайда, олар іріктеуден өтулері тиіс. Ұлттық дельфий комитеті іріктеу кезеңдерін Қазақстанның Ақтау, Атырау және Петропавл қалаларында ғана өткізеді. Қазір комиссия Петропавл қаласында жұмыс істеп жатыр.

«Іріктеу кезеңінен өткен қатысушылар Нұр-Сұлтан қаласында белгілі блогер, журналист, режиссерлармен кездесіп, әлеуметтік жарнама жасаудың және оны интернет желісінде таратудың қыр-сырын үйренеді. Оқу курсымыздан өткен соң, өз өңірлеріне келіп, түрлі әлеуметтік роликтер түсіреді, оны ғаламторға жүктеп жұмыс істейді. Біздің мектептен өткен жастарға жарты жылға дейін қолдау көрсетеміз», - дейді Ұлттық дельфий комитетінің директоры Құралай Түспекова.

Ұлттық дельфий комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, жобаның мақсаты Қазақстан аймақтарындағы ерекше қажеттілікке ие жастарды оқыту арқылы әлеуметтік жарнама өндірушілердің аймақтық желісін дамыту. Жоба үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде аймақтардан 20 белсенді жас іріктеліп алынады. Екінші кезеңде оларды елордадағы жетекші медиа-сарапшылар оқытады. Үшінші, қорытынды кезеңде қатысушылар алған білімдерін тәжірибе жүзінде іске асырады. Яғни әлеуметтік роликтерді түсіріп, интернетте ілгерілетеді.

Мектептің медиа-жаттықтырушылары бұған дейін Ақтау және Атырау қалаларында болып, 8 дарынды жасты таңдап алды. Петропавл қаласында іріктеу кезеңі 6-7 желтоқсанға жоспарланған. Бұл кезеңінен сүрінбей өткен 20 қатысушы Нұр-Сұлтан қаласында 10 күндік оқу курсынан өтеді.

Жобаны Қазақстандағы АҚШ елшілігінің қолдауымен Ұлттық дельфий комитеті іске асыруда.

Соңғы жаңалықтар