Медиа, кино және бірлескен телеарна – Аида Балаеваның Түркияға сапарының қорытындысы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Түркияға ресми сапармен барды. Сапар аясында түркиялық әріптестермен қандай мәселелер талқыланып, қандай уағдаластыққа қол жеткізілгенін «ҚазАқпарат» ХАА материалынан оқыңыздар.

Аида Балаева жұмыс сапары аясында Түркия Президенті Әкімшілігінің Қоғаммен байланыс жөніндегі басқармасының басшысы Фахреттин Алтунмен, Жастар және спорт министрі Мехмет Касапоғлумен және дін істері басқармасының төрағасы Али Ербашпен кездесулері нәтижелі өтті.

Мехмет Касапоғлумен кездесу барысында Қазақстанның Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Түркия Республикасының Жастар ісі және спорт министрлігі арасында Жастар саясаты саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум жасасу қажеттілігі туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Ынтымақтастық бойынша волонтерлік қызметтегі тәжірибе алмасу көзделеді. Аида Балаева 2021 жылғы 31 наурызда өткен Түркі кеңесінің бейресми Саммитінде мемлекет басшыларының СОVID-19 пандемиясының таралуына жол бермеу үшін бірігу және әріптестік орнату қажеттігі туралы айтқанын еске салды. Сондай-ақ қазақстандық министр екі елдің жастар көшбасшылары арасындағы қарым-қатынасты жандандыру алаңы саналатын – Түркі кеңесінің IV жастар фестивалінің биыл Қазақстанда өтетінін атап өтті.

Түркия Республикасы Дін істері басқармасының төрағасы Али Ербашпен кездесуде министр Аида Балаева Түркия университеттерінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жіберуімен қазақстандық теологтарды даярлаудағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мен нығайтуға мүдделілік білдірді.

Сонымен қатар министр Түркияның телевизия нарығы көшбасшыларының басшыларымен кездесті. Атап айтқанда, «TRT» мемлекеттік теле-радиокомпаниясының басшысы Ибрахим Еренмен, Түркияның «Anadolu» ақпараттық агенттігінің басшылығымен және Ыстанбұлдағы телесериалдар түсіру алаңының директоры Яхъей Таип Айденизмен кездесулер өтті.

Министрлік бірлескен контент құру, оның ішінде ортақ түркі мәдениеті мен тарихын танымал ету мәселелері бойынша телевизиялық өнімдердің түрік өндірушілерімен ынтымақтастығының көлемі мен сапасын арттыруға дайын. Айта кетеу керек, «Qazaqstan» РТРК мен Түркияның «TRT» мемлекеттік теле-радиокомпаниясы арасында «Қорқыт ата» бірлескен телевизиялық жобасын құру туралы келіссөздерді бастау туралы келісімге қол жеткізілді.

Сондай-ақ, Түрік тарапы түсірген Қожа Ахмет Ясауи туралы телехикаяның көрсетілімі Қазақстан көрермендеріне де таяу арада көрсетілетіні белгілі болды.

Телевизиялық мамандардың тәжірибе алмасуы аясында Аида Балаева Түркияның жетекші мамандарын қазақстандық әріптестерін оқытуға және үйретуге шақырды.

Ол бұл бағыттағы жұмысты пандемия кезіндегі эпидемиологиялық жағдай тұрақталғаннан кейін офлайн-форматта ұйымдастыруға болатындығын атап өтті. Министр Түркияның медиа саласы мен шығармашылық топтарының өкілдерін осы жылы іске қосылған «Turkistan» телеарнасының жобаларына қатысуға шақырды.

Министр Аида Балаева Түркия Президенті Әкімшілігінің қоғаммен байланыс жөніндегі Бас басқармасының басшысы Фахреттин Алтунға шақырту үшін алғыс айтып, оны ҚР «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады.

ҚР АҚДМ басшысының ресми сапарын Түркия бұқаралық ақпарат құралдары жан-жақты көрсетті. Мәселен, «Anadolu» агенттігі Аида Балаеваның Фахреттин Алтунмен кездесуін егжей-тегжейлі жазды.

«Анкарадағы кездесу кеңейтілген және екіжақты форматта өтті. Тараптар түркиялық-қазақстандық қарым-қатынасты, сонымен қатар қоғамдық дипломатияны, мәдениет, коммуникация және медиа салаларындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша күш-жігерді талқылады. Алтун Қазақстанды Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтады. Оның атап өтуінше, Түркия Президенті Реджеп Тайип Эрдоған Қазақстанмен және түркі әлемімен қарым-қатынасқа айрықша мән береді. Ол Түркияның Қазақстанмен, сондай-ақ түркі әлемі елдерімен қарым-қатынасындағы ынтымақтастықты атап өтті», - деп жазды агенттік.

Түркия Президенті Әкімшілігінің қоғаммен байланыс жөніндегі Бас басқармасының басшысы Түркия Қазақстанмен тек медиа саласында ғана емес сонымен бірге кинематографияда да қарым-қатынасты дамытуға ниетті екендігін айтады. Оның сөзіне қарағанда, таяу уақытта бұл бағытта маңызды қадамдар жасайтын бірлескен жұмыс тобы құрылатын болады. Сонымен қатар Алтун Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа ыстық сәлемін жолдады.

Мұнан бөлек, министр Ыстанбұлда тұратын қазақ диаспорасының белсенді өкілдерімен кездесті.

Аида Балаева шетелде тұратын этникалық қазақтарға Қазақстанда бөлінетін гранттар, Отандастар қоры арқылы сырттағы қазақ диаспорасына көрсетілетін қолдау туралы айтып берді. Сондай-ақ ол ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Дүниежүзі қазақтары кіші құрылтайының биыл Ыстанбұлда өтетінін жеткізді.

Толықтай алғанда, Ақпарат министрінің Түркияға сапары аясында мынадай уағдаластықтарға қол жеткізілгендігін атап өтуге болады:

- Волонтерлік қызмет бойынша тәжірибе алмасу;

- Бірлескен контет жасау мәселері бойынша түріктің телевизиялық өнім өндірушілермен ынтымақтастық;

- «Қорқыт ата» бірлескен телевизиялық жобасын жасау;

- Телевизиялық мамандардың тәжірибе алмасуы аясында Түркияның жетекші мамандарын қазақстандық әріптестерін оқытуға және үйретуге шақыру;

- Түркияның медиа саласы мен шығармашылық топтарының өкілдерін «Turkistan» телеарнасының жобаларына қатысуға шақыру.


Соңғы жаңалықтар