Медеу СӘРСЕКЕ: Елбасымен ақылдаса отырып полигонды жабуға бірінші қадам жасаған - Кешірім Бозтаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Нұрсұлтан Әбішұлымен ақылдаса отырып полигонды жабуға бірінші қадам жасаған - Кешірім Бозтаев. Шығыс Қазақстан облысының «Дидар» газетіне сұхбат берген Медеу Сәрсеке осылай мәлім етті.

Ағымдағы жылдың басында 80 жасқа толған мерейтойына жазушы жерлесіміз Медеу Сәрсеке облыс әкімі Даниал Ахметовтің қолдауымен жарық көрген «Семей қасіреті» атты деректі хикаятымен келіп, шығармашылық жолының тағы бір шыңын бағындырғанын байқатты. Шыны керек, адамзат қасіретіне айналған Семей ядролық полигонының зардабын сол топырақта туғандар тереңірек сезінеді. Медеу Сәрсеке атом бомбасының қырық екі жылдық сынақтары өткен Абыралы өңірінің перзенті, ғасыр апатының көзі тірі куәгері болғандықтан да, бұл тақырыпқа үстірт, кездейсоқ келмеген. Атом бомбасының ғылыми негізбен қалай пайда болғанынан бастап, қазақ даласына, Дегелең алқабына қалай жеткізілгеніне дейін нақты деректермен шебер суреттеп, таңдай қақтырады. Сүбелі еңбектің бірқатар тарауларынан мерзімді басылымдарда үзінділер де жарияланды. Арада бірнеше ай өткенде оқырман назарын аударған кітаптың «Семипалатинская трагедия» атпен орыс тіліне аударылған нұсқасы оқырманға жол тартты. Біз орыс тіліндегі кітабын парақтап отырған жазушының үйіне арнайы барып, сұхбат алған едік.

- Қадірлі Медеу аға, Сіздің жыл басында 850 беттік «Семей қасіреті» атты көлемді кітабыңыз жарыққа шықты. Семей ядролық полигонының қалай пайда болғанын, оның зардаптарын егжей-тегжейлі баяндаған деректі хикаяттың жазылуына не түрткі болды? Бұл биыл Елбасы Жарлығымен Семей полигонының жабылғанына 25 жыл толуымен байланысты ма, жоқ әлде, осынау шерлі тақырып көп жылдардан бері көкейіңізде жүрген жай ма еді?
- «Семей қасіреті» - менің қазақ даласындағы осынау ядролық полигонның халқымыз үшін өте ауыр індет қалдырған сынақ екенін әйгілеген көп жылғы зерттеуімнің нәтижесі. 1989 -1990 жылдары Кеңес Одағының іргесі сөгіліп, жариялылық үстемдік ала бастаған шақта Семей ядролық полигонын жабу мәселесі қоғамда өткір қозғала бастады. Ол кезде Мәскеу билігі Горбачевтың қолында болатын. Қазақстан тәуелсіздігін ала қоймаған кез. Сол кезде Семей облыстық партия комитетінің әлі бірінші хатшысы Кешірім Бозтаев Колбинге ескертпестен, бірақ сол кездегі Министрлер Советінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевпен ақылдаса отырып, Горбачевке Семей полигонының зардабы жайында жеделхат жіберген. Бұл жеделхат 1989 жылдың ақпан айының 20 жұлдызында жолданған.
Ал арада бір аптадан асқанда Олжас Сүлейменов Семей ядролық сынақтарын тоқтату туралы Алматыда бастама көтеріп, «Невада - Семей» қозғалысын 28 ақпанда құруды ұсынды. Алайда, кейінгі жылдары Олжас Омарұлы полигонды жабу туралы бастаманы бірінші өзі көтергенін айтып, Кешірімнің еңбегін жоққа шығара бастағаны мені ерекше қынжылтты. Иә, Бозтаев бүгінде ортамызда жоқ. Бірақ шындығы сол, Нұрсұлтан Әбішұлымен ақылдаса отырып полигонды жабуға бірінші қадам жасаған азамат.
Мен бұл оқиғаға нақ сол күні Кешірім досымның үйінде отырып, өзім куә болғанмын. Ақпанның соңына таман ол мені кешкісін үйіне шақырды. Қабағы түсіңкі, әйелі де томсарып отыр. Мен не болғанын сұрап едім, жарытымды жауап ала алмадым. Сөйтіп отырғанда үкіметтік ВЧ телефоны шырылдады. Кешірім телефон тұтқасын көтеріп: «Да, Геннадий Васильевич» дегені сол, ар жақтан айқай басталып қоя берді. Колбинның «Кто ты такой?» деп бастап, ақылдаспай Мәскеуге жеделхат жібергені үшін күйіп-пісіп жатқаны анық естіліп тұрды. Мен шыдай алмай дәлізге шығып кеттім де, әңгіме тоқтаған соң қайта кірдім. Досым сонда да ашыла қоймады. Сәлден кейін тағы телефон шырылдады. Қоңырау шалған Нұрсұлтан Назарбаев болып шықты. Әңгіме ауанынан Нұрекеңнің ешнәрседен сескенбе, өзім қорғаймын дегенін де аңғардым.
Содан дастарқанға отырғанда барып, Мәскеуге жеделхат жібергенін, бірақ бұл жағдайды ешкімге айтпауымды өтінді. Әрине, бұл ол кезде расында да тістен шығаруға болмайтын жағдай еді. Алайда, бұл шындықты қазіргі күнде көп ешкім ескере бермейді. Қызық болғанда Мәскеуде шыққан «Ядерный испытания СССР» деген кітапқа Кешірімнің осы жеделхаты толық берілген. 20 ақпанда Қазақстаннан бірінші болып Семей полигонын жабу туралы жеделхат келгені тайға таңба басқандай көрсетілген. Одан кейін біртіндеп, Семей полигонын жабу Елбасы Жарлығымен жүзеге асқаны өздеріңізге белгілі.
Ал 1991 жылғы 29 тамыз Семей ядролық сынақ полигонын жабу жөніндегі Президент Жарлығы туралы тілге тиек еткенде назардан тыс қалып келе жатқан мына жағдайға қараңыз. 1991 жылдың 18-22 тамыз күндері ГКЧП атанған төңкеріс болып, Горбачевті биліктен тайдыруға әрекет болғаны белгілі. Одан кейін де бір апта бойы билікке талас тоқтамады. Нұрсұлтан Назарбаевтың нақ сол кезде Семей полигонын жабу туралы Жарлық шығаруы нағыз ерлік емес пе?! Мәскеу өз-өздерімен алысып жатқанда, қарбалас сәтте халықтың тағдырына алаңдап, өте ұтымды пайдаланып кетуі оны кейін көреген саясаткер ретінде танылуына себепкер болды. Назарбаевтың Жарлығына артынша КСРО Президенті Горбачев те, одан кейінгі Ресей Президенті Борис Ельцин де еш қарсылық білдіре алған жоқ. Арада бірер ай өткенде біз тәуелсіздігімізді алдық. Ұғына білгенге «тамыз бүлігінің» полигонды жабу жолында пайдасы тигені байқалады. 

Кітабымның жарық көруіне облыс әкімі үлкен қолдау көрсетті

-«Семей қасіреті» атты кітабыңыз таяуда орыс тіліне аударылып, «Семейпалатинская трагедия» деген атпен «Фолиант» баспасынан жарық көрді. Аудару қажеттілігі неден туындады?

- Бірден айтайын, қазақ тілінде жазылған осынау хикаятымның кітап болып жарық көруіне облыс әкімі Даниал Ахметов үлкен қолдау білдірді. 80 жасқа толар кезімде үш жыл бұрын бастаған "Семей қасіреті» атты полигон ақтаңдақтарын түзген кітабымды аяқтағанымды баяндап, хат жолдаған болатынмын. Рақмет, Даниал Кенжетайұлы хатыма бірден назар аударып, кітап болып шығуына барынша қолдау көрсетті. Сонымен қатар осы Абыралы өңірінің перзенті, облыстық мәслихаттың депутаты, ел үшін көп істердің ұйытқысы болып жүрген кәсіпкер Марат Құрманбайдың азаматтығын да атап өткенім артық болмас. Сонымен жыл басында кітап шықты, шығармашылық мерейтойым да дүбірлеп аталып өтіп, еңбегім бағаланды, шексіз ризамын. Ал осы кітабымның биыл Семей ядролық полигонының жабылғанына 25 жыл толуымен тұспа-тұс келгені тіпті, сәтімен келген іс болды деуіме болады. Енді кітаптың орысшасын шығару керектігін Даниал Ахметовтің өзі тікелей тапсырғанда бұл мен үшін күтпеген жай болды. Даниал Кенжетайұлы Семейде кездескенде кітаптың құндылығына тоқталып, сондықтан да орысша шығарылуын 29 тамызға дейін жоспарлауды ерекше қадағалады. Сол үшін де мен «Фолиант» баспасымен келісімшартқа отырғанымда, оны жеделдетіп шығаруға алтын өндіретін халықаралық «Nordgold» компаниясы демеушілік жасады. 
-Кітабыңызды орыс тілінде сөйлеткен аудармашылар еңбегі туралы не айтасыз?
-Сол аудармашыны табу оңайға түскен жоқ. Алдымен келіскен екі адамымның бірі ғылыми сипаты күрделі екендігін аңғарды ма, өз еркімен бас тартты. Одан кейін тағы бір адамның орысшасы мығым болғанымен, қазақшаны аса түсінбейтіндігін аңғартты. Ақырында үш адамға тоқтадым. Үржарда тұратын Зоя Буланова деген әріптес қарындасым аударды. Зояның еңбекқорлығы, аудармашылық шеберлігі мені тәнті етті. Екі тілге бірдей жүйрік, тәжірибелі журналист. Айман Ақбердина мен Ғұсман Төлеуғұл деген екі аудармашыны Астана мен Көкшетаудан таптым. Одан кейін Николай Алексеев деген журналисті көмекке шақырып, күллі мәтінді өзім түзеткен соң, редакторлық міндетке жүктедім. Осының нәтижесінде кітап белгіленген уақытында орыстілді оқырманның қолына тиіп отыр. 

Алғашқы сынаққа 17 жасымда куә болдым
-Сіздің Семей сынақ полигонының көзі тірі куәгері екеніңізді білеміз. Туған өлкеңіз Абыралының сол кезде ядролық сынақ полигонына қалай айналғаны мына кітапта тәптіштеп жазылыпты... 
- Алғашқы термоядролық сынаққа кездейсоқ куә болғанымда мен небәрі 17 жаста болатынмын. Сол жылы Қайнар орта мектебін алтын медальға бітірген досым Нұртөлеу Мықашов екеуіміз Қазақ кен-металлургия институтына (қазіргі ҚазҰТУ) аттестаттарымыз бен өтініштерімізді жібергенбіз. Алматыға аттанар күн таяғанда, тамыз айының 5-і күнгі таңында ауылымызға америкалық студебеккерлер топталып келсін. Артынша бізге шұғыл түрде көшу керектігін, дәл іргемізде әскери жаттығу өтетіндіктен мұның барлығы біздің қауіпсіздігіміз үшін жасалынып жатқандығын арнайы тағайындалған үгітшілер тігісін жатқызып жеткізді. Әрине, әскерилердің талабына мойынсұнуға тура келді. Сөйтіп, арада бес тәулік өткенде біз тұрақты мекенімізден 150 шақырым жердегі Күйікбұлақ деген жерде арнайы тігілген палаткаларға жайғастық. Мал-дүниенің барлығы Қайнарда қалды. Тамыздың 12-сі, таңертеңгілік уақыт болатын. Әкем әлденеге қобалжып, ұйқыдан тұрғызып «Ұлым, ананы қара, көкжиек төрінде тағы бір «күн» пайда болыпты!» - деді. Расында да, көк жүзінде күнмен қатар тағы бір жарық шар сәуле нұр шашып тұрғанын өз көзіммен көрдім. 
Мен бірден-ақ соған жер атмосферасына метеорит келіп құлаған болар деп болжадым. Сонда да мұның табиғи құбылыс екенін айтып, әкемді барынша тыныштандыруға тырыстым. Сауатсыз болса да әкемнің маған қарағанда пайымдауы артығырақ екен. «Жоқ, ұлым, бұл біздің аяқастынан көшірілуімізге себеп болған пәлекет. Әскерилер бізді алдап отыр. Сірә, олар қандайда бір жаңа қаруды сынақтан өткізген, «тек арты қайырын берсін...» деді ауыр күрсініп. Шындығында, сол сәтте Дегелеңдегі «сынақ алаңында» алғашқы кеңестік термоядролық бомба жарылыпты. Дала төсін қызыл жалын шарпыды. Радиоактивті қалың тозаң көтеріліп, күн көзін көлеңкеледі. Біз уақытша қоныстанған мекенде сол күні митинг өткізілді. Жүк көлігінің үстінде аудан басшыларымен бірге генералдар мен полковниктер де тұрды. Олар аса көтеріңкі һәм қуанышты үнмен, бізден 150 шақырым жердегі Дегелең тауында Кеңес ғалымдары жасаған қуаттылығы алапат жаңа бомба сынақтан өткізілгенін мәлімдеді. Айтуларынша, сынақ ойдағыдай нәтиже көрсетіпті. «Кеңес әскерінің күш-қуаты ерекше. Бұл істе біз америкалықтардың ту алдына шықтық» десті әскерилер. Үлкендер жағы олардан атақонысымызға қашан қайтатынымызды сұрады. «Үй-жайларыңызды мұқият тексереміз, сіздерге қауіп туып тұрмағанына көз жеткізсек, кейін қайтарамыз» деді олар. Содан, не керек, 20 тамыз күні бізді Қайнарға қайтарып, әуре-сарсаңға түскеніміз үшін жан басына 500 сомнан ақша таратылды. 
- Бұл кітабыңыздың жазылуы қанша уақытқа созылды? Қажетті материалдар толығымен жеткілікті болды ма?
- Менің қолымда ұзақ жылдар бойы тірнектеп жинаған материалдар, ғылыми әдебиеттер болды. Жерлестерімнің жарылыс зардаптарын тартуы, сынақтардың қоршаған ортаға әсері туралы тұшымды деректері мен естеліктерін өзім куә болған жайттармен үйлестіру қиын болған жоқ. Бірақ кітапты жазу барысында материалдарды әр жылдары жинадым дегеннің өзінде, екі кітаптың әсері ерекше зор болды. Оның бірі академик Андрей Сахаровтың атақты «Естеліктер» кітабы мен «Ядерный испытания СССР» деген сирек кездесетін ғылыми зерттеу еңбек. Кітапты жазуға кіріскеніммен, осы екі кітапты қалай табарымды білмей отырғанымда, қызым Шынар денсаулығымды сұрай келіп, Мәскеуде жүргенін айтты. Сол-ақ екен, «Күйеубалам Тимур екеуің Мәскеуден осы екі кітапты тауып ала келіңдер» дедім. Қалай табуға болатын жөнін де айттым. Көп күн өткен жоқ, екі кітапты да тапқанын айтып, хабарласты. Осы екі кітапта Семей ядролық сынақ полигонына қатысты небір сұмдық деректер мен мысалдар бар. Оны мүмкіндігінше осынау еңбегімде пайдаланып, оқырманға бірталай шындықтың бетін аштым. Менің кітабымның соңында өзім пайдаланған 31 дереккөзі тізілген. 

«Шөлейт дала. Тірі жан тұрмайды» деп жалған мәлімет берген
-Семей ядролық сынақ полигоны зардабын тартқан өңір халқының денсаулығы әлі күнге дейін күрделі жағдайда. Атом бомбасының қауіптілігі қаншалықты жоғары болғандығы, қандай аурулардың өрістеуіне жол берілгендігі жөніндегі деректерді тағы бір екшеп берсеңіз... 
- Мен кітапты жазып жатқан 2012-2016 жылдары көптеген қылмыстарды анықтадым. Залалды сынақтардан соң Абыралы, Абай, Жаңасемей, Бесқарағай, Май, Ақсу, Қу, Қарқаралы аудандары тұрғындары және барша семейліктер жерге түскен миллионды радиоактивті бөлшектер әсерінен ақ қан, өңеш немесе асқазан обыры, радиофобия ауруларына жаппай ұшыраған. Үкіметтік комиссиясы олардың саны 1992 жылы 1,5 млн. астам екендігін анықтады. Анығында олардың саны 1949-1989 жылдары қанша адам болды? Бұл енді құпия сақталған дерек. Біздегі №4-ші диспансер тегінде соларды есептеу үшін ашылған. Оның барлық мұрағаты 1990 жылы Мәскеуге әкетіліп, құпия жағдайда Англияға сатылыпты. Ол жайында Мәскеуде жарық көрген «Ядерный испытания СССР» кітабында нақты деректер келтіріледі. Бұл кітап 2002 жылы Ресейдің Денсаулық сақтау және атом энергиясы министрлігінің тапсырысымен жазылған. Осы диспансерде тізімге алынған, радиация зардабын шеккендер саны 40 мыңнан асады деген қауесет бар. Тағы бір дереккөздерінде 60 мың адамның зардап шеккені айтылады. 1949 жылдан бері сынақ алаңына айналған біздің өлкемізде 470 заряд жарылыпты. Оның 24-і жер үстінде, 92-сі әуеде сыналса, 8-і биіктікте, 1 жерасты сынақтары өткізілген. Әсіресе, Дегелең тауы мен Балапан шоқыларында қасірет таңбасы айрықша басылды. Оларда барлығы 345 жерасты сынағы жасалған. Семей сынақ полигонындағы жарылған зарядтар қуаттылығы бойынша америкалықтардың Хиросима мен Нагасакиге тастаған бомбаларынан 2500 есе артық. Солардың зиянды әсерінен Дегелеңнің кәдуілгі мәрмәр тасы қолмен уатылатын борға айналған. Ал жерастында нендей хикмет болғанын болжау қиын. Ол әскери мамандардың өздеріне де беймәлім.

-Сынақ зардабына лайықты мекен ретінде неге Семей аймағы таңдалды?

- Бұған қатысты деректі мен жоғарыда аталған «Ядерный испытания СССР» деген кітаптан таптым. Дегелең аймағын таңдаған комиссия И.Сталинге: "Шөлейт дала. Сол жақта тірі жан тұрмайды..." деген ресми хатынан үзінді келтірдім. Одан әрі осы "елсіз" мекеннің 1947 жылға дейінгі қоныстанушылары туралы нақты деректер бар. Мысалы, 1931 жылдың соңында Ленинград қаласында жарық көрген «Весь Казахстан» атты анықтамалық кітапта, яғни осы жылдың маусым айында Абыралы ауданында - 29 812, Шыңғыстау ауданында - 34 676, Бесқарағайда - 48 427, Қу ауданында - 32 812, Ақсу ауданында - 63 915, сол жылдардағы Қызылтаң (бертінгі Жаңасемей) ауданында - 26 478 адам мекендегені жазылған. Сонда барлығы 206 590 тұрғын болады. Бұл аудандарды тізген себебім - әскери полигон иеленген 18500 шаршы километр аймақ осы аудандардан алынған. Рас, 1932 жылғы ашаршылық қыр халқының 80 пайызының өмірін үзді. Мәселен, Абыралы мен Абай аудандарынан 1940 жылы 4 мыңнан 6 мыңға дейінгі аралықта тұрғын қалған. Әйтседе, Дегелең мен Мыржық тауларының бөктерлерін Абыралы ауданының алты колхозы 1954 жылға дейін қыстады. Әлбетте бұл аймақ комиссия мүшелері сипаттағандай шөлейтті емес, мал өсіруге ерекше қолайлы, суы мол, шөбі шүйгін атырап болатын. Ал Шаған өзенінің бойында Абай ауданының Тельман колхозына қарасты ондаған қыстақтары әскерилердің талабымен жыраққа көшірілгенін жақсы білемін. Ал Абыралының Дегелең мен Мыржық бөктеріндегі алты колхозы 1954 жылы Абай мен Жарма аудандарына көшірілді. Яғни, жоғарыдағы мәлімдемеде сынаққа лайық делінген алаң "мүлде иесіз" делінген желеуді Берия басқарған комиссия ойдан шығарған. Тегінде осы атыраптың полигон үшін таңдалуына басты себеп - о күнде су айдыны шалқар, жағасы ну тоғай әрі қатынас үшін ерекше қолайлы Ертіс өзені, Семейдегі әуежай мен теміржол айтарлықтай мәнді болған. Сондай-ақ, осы кітабымда мен тағы бір күйкі шындықтың бетін аштым. Шынтуайтын айтқанда, ғалым-физиктер есептен шатасып, жарылыстан соң түзілген радиоактивті заттар бірден-ақ толқын мен ғарышқа ұшып кетеді деп топшылады. Ал жер атмосферасында қалатын бөліктері шамалы, небәрі 2 %, солар да топыраққа сіңіп кетеді, сондықтан да аса зиянды емес деген пікірде болды. Өкінішті гәп: сол топшылауды олар 1989 жылға дейін ұстанған. Сол себептен де әрбір кезекті жарылыстан кейінгі рапортта олар "радиофон қалыпты" деуден әстілі жаңылмаған. Осы өтірік ұзақ жылдар бойы өзгерген жоқ. Н.Хрущевке империалистер агрессиясынан тек ядролық қару ғана сақтап тұратындықтай көрінгендіктен, біздің сорымызға басты күнәһар ол жиі және әрдайым қуатты түрде жүргізуді талап етті. Семей полигонындағы атом және термоядролық бомбалар 1949 бен 1958 жылдар аралығында 50 рет сыналды. Нақ осы жылдардың жарылысты ұйымдастырушылар үшін де, еріксіз шыдамдылық көрсеткен жергілікті тұрғындар үшін де ерекше ауыр болғаны - күйкі ақиқат! 

Ал әскери дәрігерлер жергілікті халықты емдеумен айналысқан жоқ. Осы жылдарда радиация әсерінен (қатерлі ісік аурулары, ақ қан, радиофобия) көз жұмғандардың сырқатын нақты атамай басқа аурулар есебінде тіркелді. Бұл жайындағы есеп деректерін КГБ ұжымы қатаң бақылады. Шын мәнінде осынау жағдай 1989 жылға дейін жалғасты. Сол себептен де сынақ зардаптарынан қаза болғандарды есептеуде қателесулер орын алды. Мен арнайы түрде осы жылдары үш аудан бойынша "қоныс аударған" жандарды есептедім. Шамамен 10 мыңнан асады екен. Олардың барлығы да радиациялық "жауын" астында болғандар. Осы орайда, не себептен Абай ауданындағы Қарауыл ауылының тұрғындарына радиация мөлшері жыл бойы 250 рентгеннен түспей тұрса да елді мекендеріне тездетіп қайтарған? Бұл сұраққа жауап жоқ және табыла да қоймас. Ол жайында бомбаны ойлап табушы академик А.Сахаровтың өзі де білген жоқ. Тағы бір келеңсіз жайт: полигонға таяу орналасқан ауылдардың тұрғындарын тек бір мәрте ғана уақытша көшірген. Ал 1953 жылдан жыраққа уақытша көшіру болған жоқ. Демек, олардың келешек тағдырына әскерилер мен физик-ғалымдар көз жұма қараған. Меніңше, бұл да кездейсоқ емес. Себебі, 1940 жылдардан бастап буржуазиялық қоғамның жаңсақ ғылымы, социалистік құрылымға қатерлі деген бопсамен генетика ілімімен айналысуға Кеңес Одағында тыйым салынды. Осылайша бізді билеген шала сауатты "көсемдердің" Лысенко сияқты дүмше "ғалымдарға" сенген дәрменсіз әрекеттері салдарынан он мың, жүз мыңдаған адам қасірет шекті. Бұл жайында "Осыншама көп жарылыстар кім үшін?" атты тарауда кеңірек тоқталдым. Хрущевтің сол қылығын Брежнев 18 жыл жалғастырды. 

- Ал осынау жылдары ядролық сынақтарды тоқтату немесе санын азайту туралы қарсылықтардың да болғаны анық қой?

- Қазақ зиялылары Семей өңірінде етек алған ғасыр қасіреті жайында нақты білген кезде олардың санаулы тобы бұл жайтқа шама-шарқынша қарсылық білдірген. Мысалы, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, медик-ғалым Бақия Атшабаров. Сондай-ақ, олармен көзқарастары ортақ Қазақ КСР Денсаулық министрі Сибуғатулла Қарынбаев, Семей обкомының бірінші хатшысы Мұхамедғали Сужиковты айтуға болады. Арада 30 жыл өткен соң осы күресті Кешірім Бозтаев пен Олжас Сүлейменов жалғастырды. Осынау ымырасыз күреске 1991 жылдың 29 тамызы күні Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық сынақ полигонын мүлдем жабу туралы Жарлығымен ғана нүкте қойылғанын жоғарыда айтып өттім. Бұл сәтті мен кітабымның 15 тарауында нақты айғақтармен баяндадым. Сол Жарлықтың Мәскеудегі билік басынан "шіріп", аумалы-төкпелі кезең туғанда Нұрсұлтан Әбішұлының жеке басының көрегендігімен һәм ерлігімен дүниеге келіп, семейліктер тартқан қасіретке тежеу түскенін мейлінше тәптіштедім. Бұл да кешегі өмірдің шындығы! 

- Әсерлі әңгімеңізге көп рақмет. Оқырман алғысымен әлі де ұзағырақ жасай беруіңізге тілектеспіз!

Сұхбаттасқан - Сәтжан Қасымжанұлы

Соңғы жаңалықтар