Мәжілістің таратылуы: Парламент функцияларын Сенат қалай атқарды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қаңтар айынан бері заң қабылдау қызметін атқарып келген палата жұмысын қорытындылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекет басшысының 2023 жылғы 19 қаңтардағы Жарлығымен жетінші сайланған ҚР Парламентінің Мәжілісі таратылды. Конституцияға сәйкес, Мәжіліс уақытша болмаған кезеңде Парламенттің конституциялық заңдар мен заңдар қабылдау жөніндегі функциялары Сенатқа жүктелді. Соған байланысты осы екі айда Сенат 36 заң қабылдады. Олардың тоғызы Парламент депутаттарының бастамашы болуымен әзірленді. Жалпы, осы аралықта қабылданған заңдар Президенттің тапсырмаларын орындауға және аса маңызды мәселелерді шешуге арналған. Бұл заңдар халықтың әл-ауқатын жақсартуға, еліміздің қаржылық және әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекеттік құқықтық саясатты жетілдіруге септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысында.

Палата төрағасы кейінгі екі айда Сенат Парламенттің конституциялық заңдар мен заңдар қабылдау жөніндегі функцияларын орындағанын айтып, осы жұмысты қорытындылады. Осы орайда ол нәтижелі жұмыс атқарған сенаторларға алғыс айтты.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы жетінші сайланған ҚР Парламентінің Мәжілісін тарату және ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарын кезектен тыс сайлау туралы Жарлыққа қол қойды.

Мәжіліс депутаттарын кезектен тыс сайлау 2023 жылғы 19 наурызға белгіленді.

Осы орайда биыл қаңтар айында жетінші сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің таратылуына қатысты Парламент фунцияларын Сенат атқарып келді.


Соңғы жаңалықтар