Мәжілісте ветеринария жүйесіне өзгерістер керектігі айтылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мал шаруашылығында аса қауіпті жұқпалы аурулармен күрес жұмысында да кемшілік көп. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде ет және сүт өнімдерін өндіруді, экспорттауды дамыту тақырыбындағы парламенттік тыңдауда палата депутаты Берік Оспанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда ветеринария жүйесінде жұмыс жеткіліксіз жүргізілгендіктен, елдегі эпизоотиялық ахуал біраз нашарлап кетті. Елге импортталған малмен бірге келген экзотикалық ауру түрлері және шекарадағы ветеринариялық бақылаудың әлсіреуі себебінен жануарлардың жұқпалы ауруларының тізбесі кеңейді. Тұжырымдамалық дұрыс еместігі белгілі болса да, 2012 жылы мемлекеттік ветеринариялық инспекция құрылымдық және функционалдық тұрғыдан бөлшектелді. Оның шекарадағы бөлімшелері - кеден қызметінің қарауына, сондай-ақ бақылау функциялары бөліктері жергілікті атқарушы органдардың ветеринария қызметтеріне берілді. Мұның барлығы мемлекеттік ветеринария инспекциясының функционалдық әлсіреуіне әкелді», - деді Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Б. Оспанов.

Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде аса қауіпті жұқпалы аурулармен күрес жұмысында да кемшілік көп. Ветеринариялық- профилактикалық іс-шаралар заңнамаға қайшы түрде, бюджет қаражаты жетіспейді деген сылтаумен бүкіл мал басын толық қамтымай жүргізіледі.

«Мал басын есепке алуда да кемшіліктер жетерлік. Өйткені барлық жұмыс бастапқы деректерді қағазға түсіріп, қалыптастыру жолымен қолмен атқарылады. Соның салдарынан жергілікті жердегі ветеринар дәрігерлер қағаз жұмысқа көміліп отыр және мәліметтер нақты емес», - деді Б. Оспанов.

Оның атап өтуінше, жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, мемлекеттік ветеринариялық инспекция вертикалын қалпына келтіріп, оған бұрын жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық қызметтеріне берілген бақылау өкілеттіктерінің бір бөлігін қайтару, оның функционалын қосымша түрде күшейту қажет.

«Практикада жұмыс істеп жүрген ветеринар қызметкерлердің еңбекақыны арттыру және ауылдық жерде коммуналдық ветеринариялық кәсіпорындардың барлық ауру түрлері бойынша ветеринариялық-профилактикалық және емдеу іс-шараларын жүргізу бойынша ақылы қызметтер көрсетуіне рұқсат берілу керек. Ветеринариялық заңнаманың талаптарына сәйкес, бүкіл мал басы ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралармен қамтылуы қажет. Мал басын есепке алудың бүкіл процесі цифрлық форматқа көшіру маңызды», - деді депутат.

Соңғы жаңалықтар