Мәжілісте тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы жобаны талқылауға арналған жиын өтуде

None
None
анның 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» және «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы»  заң жобаларын талқылауға арналған дөңгелек үстел жиыны өтуде.

Аталған жиын Мәжілістің жоспарына сәйкес ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Орталығымен бірлесіп ұйымдастырылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиынға депутаттар, тиісті мемлекеттік органдар мен  үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, халықаралық сарапшылар қатысып отыр. 

«Жалпы осы екі заң жобасы да жекелеген әлеуметтік топтар арасындағы, сондай-ақ жекелеген салада құқық бұзушылықтың алдын алу жүйесін қалыптастыруға бағытталады. Сонымен бірге, еліміз үшін осы мақсаттағы заңнаманың қабылдануының маңыз зор. Өйткені, бұл құжаттарда азаматтардың конституцияда көзделген құқықтары мен бостандықтарын қорғауды нығайту, құқық бұзушылықтың алдын алудың толық ауқымды және тиімді жүйесін қалыптастыру қарастырылады. Сондай-ақ атқарушы билік, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, құқық қорғау органдарының, әлеуметтік қорғау мекемелерінің, қоғамдық бірлестіктер мен азаматтардың өзара іс-қимылын жетілдіру шаралары көзделеді. Алғаш рет құқық бұзушылықтың алдын алудың көп деңгейлі жүйесін, яғни, ауқымы бойынша аражігі ажыратылған жалпы алдын алу, арнайы және жеке жүйесін құруды енгізу ұсынылады», деді жиында сөз сөйлеген Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашев.

Естеріңізге сала кетейік, аталған заң жобалары Парламент Мәжілісінде бірінші оқылымда талқыланып, мақұлданған болатын. Қазір құжаттар екінші оқылымға әзірленуде.

«Қазіргі уақытта отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастар саласында адамның және азаматтың конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған заңнаманың қолданыстағы нормалары жүйесінде отбасында жасалатын зорлық-зомбылық фактілеріне қарсы іс-қимылдың құқықтық негіздері жоқ. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, отбасылық-тұрмыстық салада қалыптасып отырған қатынастардың ерекшеліктері мен айырмашылығына байланысты отбасындағы зорлық-зомбылықты жеңу үшін әкімшілік немесе қылмыстық жазаларды қолдану жеткіліксіз»,- деп атап көрсетілген Үкіметтің тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жобаға берген қорытындысында.

Дөңгелек үстелдегі мәселелер негізінен екі сессия бойынша талқыланатын болады. Атап айтқанда, оның бірінде қылмыстың алдын алу саласындағы халықаралық стандарттар қаралса, екінші бөлімде Қазақстандағы құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары жайында сөз болмақ.

Басқосу қорытындысына сәйкес, жиынға қатысушылар заң жобалары бойынша өз ұсыныстарын жасайтыны күтілуде.

Соңғы жаңалықтар