Мәжілісте ТМД аумағындағы еңбекші-мигранттар мен олардың отбасының құқықтық мәртебесі туралы конвенция талқыланды

None
None
АСТАНА. Қарашаның 3-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «Тәуелсіз Мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттердің еңбекші-мигранттары мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Аталған конвенцияға 2008 жылғы қарашада Кишинеу қаласында қол қойылған. Жалпы конвенция ережелері қабылдаушы мемлекет аумағында тұру уақыты кезеңінде еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелерінің негізгі құқықтарын реттеуге бағытталады. Құжат еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелеріне тең қарай білу нормаларын бекітеді. Атап айтқанда, конвенция бойынша оған жататын санаттарға құлдық, кез-келген басқа да еріксіз жағдайлар, мәжбүрлі еңбек пен қинау, адамның ар-намысы мен абыройына қатігездікпен, кемсітушілікпен қарауға немесе жазалау жағдайларына жол бермеу көзделеді. 

«Бұған қоса, конвенция құзіретті органнан басқа ешкім еңбек-мигранттары мен оның отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаттары мен елге кіруіне, елде болуына немесе ақылы еңбек етуіне қатысты құжаттарды алып қоймайтынына кепілдік береді. Аталған құжаттарды жоюға, бүлдіруге жол берілмейді. Бұл ретте конвенцияның мақсаттарының бірі еңбекші-мигранттарды заңсыз немесе құпия жалдауға және жасырын әкелуге шек қою болып табылады. Осыған орай, заңсыз жүрген немесе құжаты жоқ мигранттарды жұмысқа қабылдауға тыйым салынатын болады. Мәселен, конвенцияда еңбекші мигранттарды тарту және олардың еңбегін пайдалану саласында тараптар өзара іс-қимыл жасау, оларды ақылы еңбек мерзімі аяқталғаннан соң, сондай-ақ көші-қон заңнамасын бұзған жағдайда қайтару жолымен барлық ықтимал шараларды қабылдау қарастырылады», - деді  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов.

Оның айтуынша, құжатта еңбекші-мигранттар туралы деректер қорын құру, ТМД аясында көші-қонның осы санаты бойынша ақпарат алмасу шараларын қабылдау туралы нормалар да қамтылып отыр.  Вице-министрдің сөзіне қарағанда, заң жобасын қабылдау осы салада бірқатар жағымды жағдайлар қалыптастырады. Мәселен, құжат күшіне енсе еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелерінің реттелген құқықтық жағдайы қамтамасыз етіледі. «Конвенцияда бекітілген құқықтар мен кепілдіктер ресми келген еңбекші-мигранттарға көзделгендіктен заңсыз көші-қон ағымының төмендеуіне, сондай-ақ ТМД елдері аясында әлеуметтік-экономикалық кірігу үдерістерінің тереңдеуіне септігін тигізеді. Бұл шара әсіресе шекара маңындағы жұртшылық үшін аса маңызды болып табылады», деді Б. Нұрымбетов.

Заң жобасы палатаның алдағы уақыттағы жалпы отырысына шығарылатын болып келісілді.

Соңғы жаңалықтар