Мәжілісте сот рәсімдерін қысқартуға арналған заң жобасы таныстырылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінде «ҚР Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Басты мақсат – процесті оңтайландыру, оны заманауи ету. Негізгі басымдық – біздің азаматтар және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделері. Олар қандай жағдайда болмасын жапа шекпеуі керек. Аталған түзетулерді дайындау кезінде негізгі міндетіміз осы болды», - деді ҚР Жоғарғы сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мейрамбек Таймерденов.

Осы орайда ол атқарылатын үш бағытты атап өтті. Біріншісі – судьяның және сот ісіне басқа да қатысушылар жұмысының заманауи форматы. Екіншісі – азаматтық процесті оңтайландыру. Үшіншісі – сот ісін жүргізуді цифрландыру.

Атап айтқанда, бірінші блок бойынша судьяның процестегі рөлін түбегейлі өзгерту ұсынылған.

«Бүгінде судья тараптардың ұстанымдарына, ұсынылған дәлелдемелерге тәуелді. Бұл тұрғыда шындықты анықтау жағы ақсайды. Осының салдарынан сот жүйесіне, сот төрелігіне, мемлекетке деген сенімге нұқсан келтіріледі. Біз не айтқымыз келеді? Тараптардың жарыспалылық және тең құқылық қағидатын ешкім жоққа шығармайды. Алайда оның орынсыз қолданылуына да жол бермеу керек. Қағидаттар құқық субъектілерінің мүдделерін қорғауға жұмыс істеуі керек, яғни талап қоюшының да, жауапкердің де», - деді Мейрамбек Таймерденов.



Соңғы жаңалықтар