Мәжілісте санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің кемшіліктері айтылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өткен жылдың қайғылы салдары санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің әлсіз тұстарын көрсетіп берді. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Балаим Кесебаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін Үкімет сағатында біз қазақстандықтар үшін өзекті мәселелердің бірі – Қазақстан Республикасындағы санитариялық-эпидемиологиялық ахуал туралы мәселені қараймыз. Бұл тақырып әрдайым халқымыздың денсаулығы үшін маңызды болды. Алайда, қазіргі жағдайда оның өзектілігі едәуір артты. Өздеріңіз білетіндей, коронавирус инфекциясына қарсы күрес бүкіл отандық денсаулық сақтау жүйесін қозғады. Қарапайым сөзбен айтқанда, COVID-19 пандемиясы біздің денсаулық сақтау саласын әбігерге салды. Бұл, әсіресе, санитариялық-эпидемиологиялық ахуалға әсер етті. Өкінішке қарай, өткен жылдың қайғылы салдары санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің әлсіз тұстарын көрсетіп берді», - деді Б. Кесебаева Мәжілістегі Үкімет сағатында.

Оның айтуынша, өткен жылы ауру өршіп, осы күнге дейін 11 350 азамат (2020 жылғы наурыз – 2021 жылғы 4 қазан аралығы) COVID-19 құрбаны болды. Бұған аурудың өзі ғана емес, елдің денсаулық сақтау жүйесінде терең орын алған кемшіліктер де себеп болды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шұғыл түрде инфекциялық ауруханалар құрылды, мамандар асығыс түрде қайта оқытылды, емдеудің клиникалық хаттамалары бірнеше рет өзгерді, өмірлік қажетті дәрілік препараттар мен медициналық техника болмады. Ауруханалар мен емханаларда ұйымдастырушылық хаос орнады. Аурудың жалыны қарапайым науқастарды ғана емес, медицина қызметкерлерінің өздерін де шарпыды. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» жаңа Кодексте Бас санитариялық дәрігердің ерекше мәртебесі белгіленіп, оның өкілеттіктері айқындалды. Санитариялық-эпидемиологиялық қызметке үлкен өкілеттіктер берілді», - деді ол.

«Бүгінгі күні біздің алдымызда халықты вакциналау міндеті тұр. Дәл осы ұжымдық иммунитеттің қалыптасуы бізге – қалыпты өмір салтын, ал экономикамызға тұрақтылықты қайтаруға мүмкіндік береді. Сондықтан жаппай вакциналаудың маңыздылығын халыққа дұрыс жеткізудің мәні зор. Сонымен қатар, санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің басқа бағыттары, оның ішінде қызметтің жұмысына қатысты мәселелер де осы кезеңде назардан тыс қалды. Мәселен, аса қауіпті инфекциялар, вакцинамен еңсерілетін аурулар, жұмыстың цифрлық форматын қамтамасыз ету кейінгі орынға ысырылды. Мен бүгін осы мәселелерге ерекше назар аудару керек деп ойлаймын», - деді Мәжілісі төрағасының орынбасары.


Соңғы жаңалықтар