Мәжілісте Республикалық терминология комиссиясының мәртебесін қайта қарау ұсынылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында қазақ тілі терминологиясы саласы бойынша мәселелер көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президент алға қойған осы маңызды міндетті орындау мақсатында, ең алдымен, қазақ тіліндегі терминдерді қалыптастыру процесін жетілдіру және оларды біріздендіру қажет. Бұл ретте өткен жылы Парламент Мәжілісінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында терминологияның өзекті мәселелерін талқылауға арналған ғылыми-практикалық конференция өткізіліп, оның қорытындысы бойынша Үкіметке тиісті ұсынымдар жолданған болатын. Алайда, қазіргі қазақ тілі терминологиясы саласындағы көзге ұрып тұрған кемшіліктер әлі де толық түзетілмей, қоғам тарапынан орынды сынға ұшырап жүр. Үкімет жанындағы Республикалық терминология комиссиясы бекіткен терминдердің ішінде көңілге қонбайтын аудармалар аз емес. Мәселен, орыс тіліндегі «гостиница» терминінің қазақ тілінде үш түрлі атауы бар: «мейманхана», «қонақүй», «қонақ үйі»», - деді депутат Кәрібай Мұсырман Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған депутаттық сауалында.

Оның пайымынша, осындай олқылықтың орын алуының үш себебі бар.

Біріншіден, Республикалық терминология комиссиясының құрамына тіл мәселелерімен айналысатын мемлекеттік қызметшілер, филологтар, аудармашылар, журналист-жазушылар енгізілген. Олардың арасында медицинадан басқа, әлеуметтік және экономикалық салалардың мамандары жоқ.

«Екіншіден, осы комиссияның жұмысына ашықтық жетіспейді. Үшіншіден, оның қабылдаған терминдері ұсынымдыққа сипатқа ие, яғни оларды қолдану міндетті емес», - деді депутат.

Осы орайда ол депутаттық сауал аясында тиісті ұсыныстарды енгізді.

«Республикалық терминология комиссиясының мәртебесін қайта қарау және ол бекіткен терминдердің мемлекеттік органдарда, меншік түріне қарамастан, кәсіпорындар мен ұйымдардың барлығында, қоғамдық бірлестіктерде іс қағаздарын жүргізуде, білім беру ұйымдарының оқу бағдарламаларында, көрнекі жарнамада бұрмаланбай, бірізді қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталған нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау қажет. Аталған комиссияның құрамын әлеуметтік және экономикалық салалардың тәжірибелі мамандарымен, белгілі сарапшы-ғалымдармен, үкіметтік емес ұйымдардың әрі зиялы қауымның өкілдерімен толықтырған жөн», - деді К. Мұсырман.

Оның айтуынша, Республикалық терминология комиссиясында қаралатын терминдердің жобалары осы комиссияның ресми сайтында ғана емес, қазақтілді республикалық газеттер мен әлеуметтік желілерде алдын ала жарияланып, кең қоғамдық талқылаудан өткізілгені жөн.


Соңғы жаңалықтар