Мәжілісте науқастардың зейнетақы қорындағы жинақтарын алу мәселесі көтерілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар онкологиялық ауруларға шалдыққан адамдарға мүгедектігінің санатына қарамастан, зейнетақы жинақтарын бір реттік төлеу мәселесін қайта қарауды ұсынды.

Осы орайда Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың атына депутаттық сауал жолданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде жалпы дүниежүзінде онкологиялық аурулар денсаулық сақтау саласындағы негізгі проблемалардың бірі саналады. Қазақстанда да онкологиялық аурулармен ауыратын адамдардың саны жылдан-жылға азаймай отыр және бұл жағдай кімді болса да бейтарап қалдырмайтыны анық. Елімізде осы бағытта үлкен жұмыстар атқарылып, бұл аурудың алдын алу және оған қарсы күрес жоспарлы жүргізіліп келеді.

Өкінішке қарай, ресми статистикалық деректер бойынша, елімізде бұл аурудың алғаш рет анықталған диагнозымен өткен жылдың аяғына дейін тіркеуге алынғандардың саны 181 202 адам, ал өткен үш жылда қайтыс болғандардың саны 45 мың адамнан асады. Көріп отырғанымыздай, бұл көрсеткіштер жаман аурудың алдын алып, оған қарсы күрес жүргізу жұмысын одан әрі күшейтуді талап етеді. Бұл мәселені менің әріптестерім де бұдан бұрын көтерген болатын. Негізінен, біздің бүгінгі көтеріп отырған мәселеміз жоғарыда айтылған ауруға шалдыққан адамдардың зейнетақы қорындағы жинақтарын алу тәртібіне байланысты болып отыр», - деп тоқталды депутат Ерсұлтан Бектұрғанов.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, онкологиялық аурумен ауыратын адамға мүгедектік көзделіп, ол екіге бөлінеді: біріншісі - белгілі бір мүгедектік мерзімі бар топ, екіншісі - мерзімсіз топ болып саналады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған деректерге қарағанда, қазіргі таңда онкологиялық аурулардың салдарынан мүгедек болған адамдардың жалпы саны 39 100 адамды құрайды, оның ішінде мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген 15 200 адам бар.

«ҚР Үкіметі бекіткен Қаулыға сәйкес, мерзімсіз бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан өз зейнетақы жинақтарын бір реттік төлемдер түрінде алуға құқығы бар. Алайда, бұл жағдайда осындай төлемдерді алудың кейбір талаптары жинақталған соманы алуды қиындатады. Мәселен, зейнетақы жинақтары ең төмен зейнетақының он екі еселенген мөлшерінен аспайтын адамдар ғана зейнетақы жинақтарының бір реттік төлемін ала алады, яғни 2019 жылы ол көрсеткіш 433 296 теңгені құрайды. Демек, егер жинақтарының көлемі жоғарыда көрсетілген сомадан асып түссе, адам бір реттік төлемді алмайды. Бұл жағдайда адам өзінің зейнетақы төлемдерін белгіленген есептеу әдістемесіне сәйкес ай сайын алып отырады. Қарастырылған ай сайынғы төлем сомасының көлемі өте мардымсыз, аз болғандықтан, ол емделу шығындарын өтеуге еш қандай әсерін тигізбейді», - деді Бектұрғанов.

Осылайша, қолданыстағы зейнетақы жинақтарын алу тәртібіне сәйкес, адам қайтыс болғаннан кейін ғана зейнетақы жинақтарын оның отбасы немесе жақындары алады.

«Бұл қаражаттың ауырып, өмірден өткен адамға қажеті жоқ екендігі айтпаса да белгілі. Бүгінгі таңда Қазақстанда обыр ауруларын емдеу тегін жүргізілетіні белгілі. Бірақ бәріміз білетіндей, көпшілік жағдайда сырқат адамдар тұрақты ізденісте болып, білікті отандық немесе шетелдік клиникаларға қосымша ем алу үшін барып жатады. Сәйкесінше, бұл қадамдар қомақты ақшаны талап етеді. Алайда, өзінің өмір бойы қорға аударып отырған жинақтарын алудағы осындай кедергілерге байланысты, ауру адамның қосымша сапалы ем алу мүмкіндігі шектеледі. Жоғарыда айтылғандардың негізінде, онкологиялық ауруларға шалдыққан адамдарға мүгедектігінің санатына қарамастан, зейнетақы жинақтарын бір реттік төлеу мәселесін қайта қарауды ұсынамыз», - деді депутат.

Соңғы жаңалықтар