Мәжілісте мемлекеттік тапсырыспен білім алу мәселесі қаралды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасы білім беру процесін одан әрі жетілдіру, оның ішінде білім беру жетістіктерінің мониторингін жүзеге асыру мақсатында әзірленді.

Мәжіліс депутаты Әбдіманап Бектұрғановтың айтуынша, ҚР Еңбек кодексінің 119-бабына сәйкес, білім алушылардың дуальды оқыту туралы шарт негізінде өндірістік оқытудан және кәсіптік практикадан өткен уақыты еңбек өтіліне есептеледі. Бұл ретте еңбек қызметін растайтын құжаттардың тізбесінде шарттың осы түрі қамтылмаған болатын. Осыған байланысты құқықтық коллизияны болғызбау мақсатында жұмыскердің еңбек қызметін растайтын құжаттардың тізбесін жаңа құжатпен – дуальды оқыту туралы шартпен толықтыру ұсынылады.

«Білім беру саласындағы өкілетті органға техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру әрі бөлу қағидаларын бекіту бойынша құзырет беру арқылы шешу ұсынылады. Мәселен, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырыс жұмыспен қамту органдарының, өңірлік кәсіпкерлер палаталарының ұсыныстары негізінде өңірлік еңбек нарығының қажеттіліктері ескеріле отырып орналастырылады. Бұл ретте мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру рәсімі көзделмеген. Ұсынылып отырған түзету мемлекеттік тапсырысты орналастыру және оны беру кезінде сыбайлас жемқорлық факторының ықпалын төмендетуге мүмкіндік береді», - деді депутат.

Айта кетейік, жоғары оқу орнын бітірушінің мемлекеттік білім беру тапсырысында оқу ұзақтығына пропорционалды түрде еңбекпен өтеу мерзімін белгілеу арқылы шешу ұсынылады. Осылайша, мемлекеттік білім беру тапсырысында білім алған азаматтар бүкіл кезеңде – барлық үш жылды да жұмыспен өтейтін болады. Ал білім алушылар ішінара, яғни бір бөлігін ақылы негізде – мемлекеттік бюджет есебінен оқу кезеңіне мөлшерлес өтейтін болады.

«Білім берудің жаңартылған мазмұнын ескере отырып, базалық білімді тексеруге бағытталған білім беруді сырттай бағалаудың «білім беру жетістіктерінің мониторингі» атты жаңа моделін енгізу арқылы шешу ұсынылады. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, білім беру ұйымдарын сыртқы бағалау тетігі жетілдірілетін болады, бұл білім алушылардың білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша, заң жобасын қабылдау білім беру процесін жетілдіру, оның ішінде кәсіби кадрларды даярлау және оларды одан әрі жұмысқа орналастыру үшін барлық қажетті жағдайларды жасайды деп санаймыз», - деді Әбдіманап Бектұрғанов.


Соңғы жаңалықтар