«Мәжілісте мәні бар мәселе талқыланды» - республикалық басылымдарға шолу

None
None
АСТАНА. Мамырдың 13-і. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда мамырдың 13-і, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

Парламенттің төменгі палатасы кеше аса әбжілдік танытып, Елбасыға қатысты екі бірдей заң жобасын қабылдап тастады. Енді «эстафета» - сенаторларда. Егер олар тосын мінез танытып, кері қайтарып тастамаса, Нұрсұлтан Назарбаев ел тарихындағы статус-мәртебесі конституциялық заңнамамен бекіген тұңғыш «Ұлт көшбасшысы» атанады. Осы маңызды жайт арқау болған мақала «Айқын» газетінің бүгінгі нөмірінде «Мәжілісте мәні бар мәселе талқыланды» деген тақырыппен жарық көрді. «Мысал ретінде Сингапурді алуға болады. Бұл елдің негізін қалаған Премьер-Министр Ли Куан Ю үшін арнайы Сингапур Үкіметі жанынан тәлімгер-министр лауазымы енгізілген. Ал стратегиялық дарыны мен ақыл парасатының арқасында тәуелсіздігін нығайтқан Мұстафа Кемалдың саясатын жалғастыру үшін Түркия оған «Ата Түрік» - «Түріктің Әкесі» деген құрметті атақ беріп, сол арқылы Ұлт көшбасшысы деп жариялады. Сондай-ақ бұрынғы президенттеріне жасалып отырған айрықша заңдық актілер РФ мен АҚШ секілді елдерде де бар екені белгілі», деп жазады басылым.

«Айқын» газетінің жазуынша, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Үндістанның Сыртқы істер министрі Соманахалли Маллайах Кришнамен кездесті. Екіжақты байланыстың жай-жапсарын сөз еткен тараптар Елбасы Н.Назарбаевтың үнді еліне жасаған ресми сапары кезінде қол жеткізген келісімдерді одан әрі дамытып, екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікке серпін керектігін алға тартқан.

Осы жылы 100 жылдық мерейтойы тойланатын қазақтың батыр ұлы, дарынды қолбасшы Бауыржан Момышұлы туралы фильм түсіріп жатқан режиссер, белгілі кинодокументалист Қалила Омаров осы жұмыстар кезінде тың деректерге кезігіпті. Осыған орай «Айқын» газетінің бейсенбілік санында аталған азаматпен арадағы сұхбат «Қысастықты кешіре білген кемеңгер» деген тақырыппен жарияланды. Батыр бабамыз жайындағы тың деректерді оқып білгіңіз келсе, басылымдағы екеуара әңгімеге назар аударыңыз.

***

Жеңістің 65 жылдық мерейтойына орай еліміздің түпкір-түпкірінен ел ордасы Астана шаһарына майдан ардагерлері келіп, мамырдың 9-ында ұйымдастырылған шеруге қатысып қайтқан болатын. «Астана ақшамы» газетінің бүгінгі саны сол ардагерлердің елордадан алған әсерлері, мерекенің қалай өткендігі жайында ой бөлісіпті. Сондай-ақ басылымның айқара бетінде суреттер арқылы мереке күніне шолу жасалған.

***

«Кеше Астанадағы Ұлы Отан соғысы мүгедектеріне арналған орталық клиникалық госпитальда медбикелердің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті», деп жазады «Астана ақшамы» газеті. Басылымның хабарлауынша, «Нұр Отан» ХДП және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен өткен салтанатты жиын барысында Ұлы Жеңіс туралы көрме ұйымдастырылып, елорданың ең таңдаулы медициналық бикелері марапатталған. Сонымен бірге «Нұр Отан» партиясы өзінің жаңа мүшелерін қабылдау рәсімін өткізген.

«Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үндістанның сыртқы істер министрі Соманахалли Маллайах Кришнаны қабылдады», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Кездесу барысында екі елдің арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселесі талқыланды.

«Қазақстан Президентінің сапары екі ел арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға айтарлықтай серпін берді. Біздің елдеріміз арасындағы саяси және экономикалық байланыстар белсенді дамуда. Қазақстан біздің жақын көршіміз болып табылады. Біз екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ерекше мән береміз. Біз экономика мен әлеуметтік саланы қосқанда, барлық саладағы біздің ынтымақтастығымызды келешекте үдетуде «Жол картасын» әзірлеу ниетіндеміз. Біз бірлесе отырып осы өңірдегі тұрақтылықты нығайтуға көмектесе аламыз, - депті Үндістанның Сыртқы істер министрі журналистерге арналған брифингте.

«Бір соттың шешімін екінші соттың бұзуы заңның солқылдақтығынан емес пе?». «Алаш айнасы» газетінің «Ой-көкпар» айдарындағы осы сауалына жауап берген заң ғылымының кандидаты Ақмарал Сағымқызы «бір соттың шешімін келесі сот инстанцияларында бұзу, өзгерту кездесіп жататыны рас. Бүгінгі күні азаматтардың даулары бойынша істер бірінші саты бойынша аудандық сотта қаралса, одан кейін облыстық (қалалық) соттың аппеляциялық сатысында қаралып, шағымданушы қанағаттанбайтын болса, кассациялық инстанцияда, одан ейін қадағалау тәртібімен ҚР Жоғары сотында қаралады», десе адвокат Кәрібай Тасшабаев «дәл қазіргі таңдағы біздің сот жүйеміздің өзі осындай болып отыр. Яғни сатылы түрде бірінші соттың қараған ісін екінші соттың да қарауына ұсынуына болады. Бұл жерде соттарда тұрған ештеңе жоқ. Ең бастысы, заң дұрыс болуы керек. Заң дұрыс болса, соттардың бұрмалауына көнбес еді», депті.

«Алматы тұрғындары арасында табиғи апат жайлы тағы да үрейлі әңгімелер тарады. Бұл жолғы қауіп - Кіші Алматы жоталарының біріндегі № 6 мұзды көлдің еруі жөнінде. Егер таудағы көл тасыса, оңтүстік астананы сел шайып кетуі әбден мүмкін», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Басылымның атап өтуінше, кеше кейбір мамандардың мәліметіне арқа сүйеген Мәжіліс депутаты Зағипа Бәлиева осы мәселені палатаның жалпы отырысында көтеріп, Үкімет басшысы К.Мәсімов пен ТЖ министрі Владимир Божконың атына депутаттық сауал жолдаған.

«Казахстанская правда» газетінде банк секторының мәселелерін қозғаған көлемді мақала жарық көрді. ҚазКоммерцБанктің басқарма төрағасы Нина Жүсіпова таяуда жарық көрген банктің 2009 жылға арналған қорытындысына пікірін білдіре келіп, 2009 жыл күрделі болуымен қатар нәтижелі болғандығын атап өтіпті. «Дағдарыс біздің қиын жағдайларда да нық тұра алатындығымызды көрсетті. Бұл тек біздің банкке ғана емес, жалпы елдің банк жүйесіне қатысты. 2009 жылдың маңызды нәтижелерінің бірі банк секторына деген сенім сақталды», депті ол.

Соңғы жаңалықтар