Мәжілісте көктемгі егін егу кезінде сапалы қызмет көрсету мәселесі көтерілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжілістің жалпы отырысында депутат Бекқали Торғаев агроөнеркәсіптік кешен саласындағы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын мемлекеттік қолдау шаралары проблемаларын атап өтіп.

Осы орайда ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярға өзінің депутаттық сауалын жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Онда депутаттың пікірінше, биылғы жылдың 11 қаңтардағы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес егіс науқаны кезеңінде жемшөп ресурстарымен, тұқымдармен және тыңайтқыштармен қамтамасыз ету мәслелерін және егін егу науқанын Үкімет қатаң бақылауда ұстауы тиіс. Сондай-ақ, субсидияларды бөлу кезінде олардың қолжетімділігі мен орта мерзімді кезеңге тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығында субсидиялау тетіктерін жетілдіруіміз қажет.

«Үкімет 2021 жылдың 7 қыркүйегінде инфляцияға қарсы әрекет ету шаралары кешенін қабылдады. Бұл іс-шаралар тауарлық ұсынысты кеңейтуге және ішкі нарықты толықтыруға бағытталған. Жоғарыда аталған іс-шараның бір бағыты ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің көлемін ұлғайту болса, ал маңыздысы - көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру. Өздеріңіз білетіндей, көктемгі дала жұмыстары кезінде сапалы агротехникалық жұмыстар - болашақ егіннің кепілі. Осы тұста айта кету керек, минералды тыңайтқыштар мен тұқымдардың бағасы өткен жылмен салыстырғанда 2 және одан да көп есе өсті. Сондай-ақ, қазірдің өзінде қуаңшылықтың салдары агроқұрылымдардың жағдайын одан сайын қиындатып отырған жайы бар», - деді Бекқали Торғаев.

Жалпы, Аграрлық-өнеркәсіптік кешенінің секторын қолдау саласында бірқатар проблемалар бар. Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарға арналған Ауыл шаруашылығы министрлігінің нормативіндегі шығындарынан фермерлердің нақты шығындары едәуір жоғары. Сонымен қатар, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ қаржыландыратын ұйым тарапынан да аталған нормативтердегі шығындар қосымша тағы төмендетіледі. Мұның бәрі Аграрлық-өнеркәсіптік кешенінің субъектілерін толық қаржыландырмауға, олардың тарапынан тиісті агротехнологияларды қолданудағы шектеулерге, тиісінше өнімділіктің, бәсекеге қабілеттіліктің төмендеуіне әкеп соғады. Шаруалар болса фьючерстер мен тауарлық несие алуға, өнімді төмен бағамен өткізуге мәжбүр болып отыр.

«Тыңайтқыштарды субсидиялау лимиттері олардың нақты құнының 10-15 пайызын құраса, нормативтік құжаттарда құнының 50 пайызы субсидияланады деп көрсетілген. Мысалы, Ауыл шаруашылығы министрлігінің нормасы бойынша аммиак селитрасының 1 тоннасы 36 500 теңгені құраса, 2022 жылға нарықтағы бағасы 178 500 теңгені құрап отыр, атап айтқанда тек 20 пайызы нақты субсидияланады», - деді депутат.

Оның пайымынша, тұқым шаруашылығын қолдау шарасы да мәз емес. Мысалы, СуперЭлита, Элита немесе РС-1 тұқымын сатып алуға берілетін субсидиялар нарықтағы бағамен салыстырғанда 30%-ға жетпейді. Нәтижесінде, өнімділігі жоғары сорттар мен селекцияларды сатып алу және көбейту ынталандырылмайды.

«Демек, бұл мәселелер ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзіндік құнына тікелей әсер етіп, нәтижесінде олардың бағасының өсуіне ықпал етеді», - деді Бекқали Торғаев.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты және осы мәселенің өзектілігін ескере отырып, келесі шараларды қабылдау сұралды:

Бірінші. Басым дақылдарды айқындау және оларды нақты қажеттіліктер бойынша қаржыландыру.

Екінші. Тыңайтқыштарды субсидиялау нормаларын фермерлердің нақты қажеттіліктері бойынша реттеу.

Үшінші. Тұқым ісін субсидиялау тәсілдерін қайта қарау, субсидиялардың нақты нормаларын ұлғайту, нарықтық бағалардың өзгеру болжамымен оларды неғұрлым жедел өзектендіру.

Төртінші. Ауыл шаруашылығы министрлігі және «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ көктемгі егіс жұмыстарына жұмсалатын шығындарына қаржыландыруды ұлғайту және минералды тыңайтқыштар мен тұқымдар бағасының өсуін ескере отырып, субсидиялық қаржыландыру көлемін ұлғайту қажет.


Соңғы жаңалықтар