Мәжілісте киберқауіпсіздік саласында әскери кадрларды даярлау мәселесі талқыланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында әскери кадрларды даярлауға арналған Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысы өтті. Бұл туралы палатаның баспасөз қызметінен мәлім етті.

Комитет төрағасы Мұхтар Ерман ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында әскери кадрларды даярлау Киберқауіпсіздік тұжырымдамасы (Қазақстанның Киберқалқаны) мен Елбасының тапсырмаларын іске асырудың маңызды бөлігі екенін айтты.

Тақырып бойынша Қорғаныс министрінің орынбасары Муслим Алтынбаев баяндама жасады. Ал Қорғаныс министрлігінің Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты Ақпараттық қауіпсіздік кафедрасының бастығы Андрей Кочешков болашақ офицерлерді дайындау бойынша оқу процесінің, әскери оқу орнының әдістемелік және материалдық-техникалық тұрғыдан жабдықталуының ерекшеліктері, сонымен қатар оқытушы құрамының деңгейі жөнінде хабардар етті.

Талқылау барысында киберқауіпсіздік саласындағы заманауи қауіптер мен қатерлерге оқу бағдарламаларын дағдылау, озық жабдықтар мен бағдарламалық өнімдермен қамтамасыз ету қажеттілігі, әлемнің жетекші әскери мекемелеріне әскери мамандар мен курсанттарды тәжірибе алмасу үшін жіберуге қатысты шешімін таппаған мәселелер әңгіме өзегіне айналды.

Шараға Мәжіліс депутаттары, Қорғаныс, Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі, Білім және ғылым министрліктері, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, әскери және азаматтық жоғарғы оқу орындары мамандандырылған факультеттерінің басшылары қатысты.

Соңғы жаңалықтар