Мәжілісте ірі қалалардың маңындағы ауыл тұрғындарын тіркеуге қатысты мәселе көтерілді

2022 жылғы 30 қараша, 16:52
Мәжілісте ірі қалалардың маңындағы ауыл тұрғындарын тіркеуге қатысты мәселе көтерілді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Мәди Елюбаев үлкен қалаларға жақын орналасқан ауылдардың мәселесін көтеріп, ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың атына сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азаматтардың шалғайдағы ауылдардан қалаларға үнемі қоныс аударуы байқалып отыр. Дегенмен қаланың өзінде жылжымайтын мүлік алу оңайға емес. Сондықтан адамдар қалаға жақын тұрған елді мекендерге қоныстанады. Бұл ауылдардың инфрақұрылымы көп тұрғынға арналмағандықтан, адамдар сапалы әлеуметтік қызметтер (медицина, білім беру және т.б.) алу үшін қалаларда тіркеледі. Өз кезегінде, ауыл тұрғындарының санына сәйкес келетін ауылдың инфрақұрылымын құру үшін қолданыстағы заңнама талаптары бойынша осы елді мекенде тұратын түрғындар тіркелуі қажет. Тіркелмеген адамдар осы ауылда есепке алынбайды. Яғни, мұндай ауылдардағы ресми тіркелген халық саны нақты жағдайға сәйкес келмейді, кейбір жағдайларда айырмашылық 5-6 есеге дейін жетеді», - деді М. Елюбаев.

Осы орайда ол ауылда жалпы алғанда 30-35 мың адам тұрса, ал соның тек 5-7 мыңы ғана тіркелгенін айтты.

«Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, бұл ауылдарда тұрғындар толық тіркелмеген. Бүгінде статистиканы жүргізетін органдар ауылда тұратын халық саны бойынша нақты сандарды бере алмайды. «AMANAT» партиясының аумақтарды ойластырылған түрде дамыту жөніндегі міндетін орындау үшін елді мекендердегі тұрғындардың нақты санын ескеруге мүмкіндік беретін өзгерістер қажет. Бұл тұрғыда ҚР Ішкі істер министрлігі, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, сондай-ақ ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне тиісті іс-шараларды жүзеге асыру қажет. Атап айтқанда, тұрғындардың саны мен құрылымының көрсеткіштерін есептеу әдістемесін өзгерту керек. Екіншіден, уақытша тіркеуді қадағалау тетіктерін әзірлеу, республика азаматтарының тіркелуіне және уақытша тіркелуіне қатысты бақылауды күшейту қажет», - деді депутат.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar