Мәжілісте ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға қатысты заң жобасы таныстырылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелеріне қатысты заң жобасы қаралып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Парламент Мәжілісінде депутат Берік Оспанов қорғады. Заң жобасын заң шығару бастамасы тәртібімен Парламент Мәжілісінің депутаттары әзірлеген.

«Заң жобасының негізгі мақсаты – бұрын туризм нысандары мен ерекше стратегиялық маңызы бар құрылыстарды (су шаруашылығы құрылысжайлары, Мемлекеттік шекара объектілері, қорғаныс мұқтажы) салу және олардың жұмыс істеуі үшін шығарылған, мақсаты бойынша пайдаланылмайтын жерді ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жеріне қайтару», - деді Берік Оспанов.

Депутат өз сөзін нақтылай түсті.

«Мәселен іс жүзінде мұндай жағдайлар бар. Ол – Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жерлері. Аталған жерлердің игерілмеуіне және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың құрамына кірмеуіне байланысты олар тиісті түрде қорғалмайды. Соның салдарынан өзінің бірегейлігі мен құндылығын жоғалтып жатыр. Сонымен қатар осы аумақтардағы өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне залал келтірілуі мүмкін. Бұдан басқа депутаттар экологиялық туризмді дамыту мақсатында табиғат қорғау мекемелері көрсететін қызметтердің тізбесін кеңейтуді ұсынды», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар