Мәжілісте энергия өндіруші ұйымдардың қарыз мәселесі өткір екені айтылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Бекқали Торғаев энергия өндіруші ұйымдардың қарызы мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлект басшысы Қазақстан халқына Жолдауында елімізде жылу коммуникациясы инфрақұрылымының тозығы жеткендігін атап өтті. Сонымен қатар Президент Семей қаласына барған іс-сапарында қаланың инфрақұрылымы өте тозғандығына тоқталған болатын. Үкіметке әкімдікпен бірлесіп Семейде заманауи ЖЭО салу және инфрақұрылымды жаңғырту мәселесін қарауды тапсырды. Бүгінде кейбір өңірлерде жылыту маусымы басталды. Ал оған дайындық әр аймақта әрқалай болып отыр», - деді Б. Торғаев Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың атына жолдаған сауалында.

Сонымен қатар ол еліміздегі қазандықтардың істен шығуы жиілегенін атап өтті.

«Бүгінде елдегі өндіріс орындарында технологиялық процестерді жаңғыртуға, оның ішінде тозған жабдықтарды жаңартуға инвестиция мен қаражат жеткіліксіз бөлінеді. Бұдан бөлек, жақында Үкіметте жылу беру маусымына дайындық мәселелерін талқылау барысында бірқатар өңірде негізгі жабдықтарды жөндеу мерзімдері орындалмай жатқаны анықталған. Әсіресе, 5 станцияда көмірдің нормативтік қоры сәйкес келмейтіндігі баяндалды», - деді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, энергия өндіруші ұйымдардың отын үшін кредиторлық берешегі мәселесі өзекті болып тұр. Қазіргі кезде «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ алдындағы берешек 7 млрд 353 млн теңгені құрайды. Сондай-ақ энергия өндіруші ұйымдардың «Богатырь-Көмір» ЖШС алдында жалпы сомасы 2 млрд 629 млн теңге берешек бар.

«Осыларды ескере отырып, елдегі жылыту маусымы бойынша толық ақпаратты қамтып, осы мәселелерге жауап беруіңізді сұраймын. Өңірлерде күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындығы қандай күйде? Әлеуметтік нысандар бекітілген кестеге сай жылумен қамтамасыз етілді ме? Бүгінгі күні еліміздегі ЖЭО-дың жұмыс істеу барысы қалай? Қоймалар мен станцияларда көмір мен мазуттың нормативтік қоры биылғы жылыту маусымына қаншалықты жеткілікті?», - деп сұрады Бекқали Торғаев.


Соңғы жаңалықтар