Мәжілісте Елбасы туралы кітаптың тұсауы кесілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілісте «НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ. АЛТЫН ҒАСЫР» кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Кітаптың авторы - Мәжіліс депутаты, «Qazaqstan ardagerleri» қауымдастығының төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, ақын Бақытбек Смағұл.

Іс-шара «Тұңғыш Президент күні» және «Тәуелсіздік күні» мемлекеттік мерекелеріне орай өткізіліп отыр.

Тұсаукесер рәсіміне Мәжіліс Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева, Сенат Төрағасының Орынбасары Бектас Бекназаров және қос палата депутаттары мен зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері қатысты.

Б.Смағұлдың көркем тілмен жазылған бұл еңбегі ірі 7 тараудан тұрады. Әр тарау Елбасы-Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұлғасының жеті қырына арналған. Атап айтқанда, «Тәуелсіздік - мәңгілік үшін күрес кеңістігі» тарауында Елбасының жаңа қазақстандық мемлекеттіліктің негізін қалаушы ретіндегі тарихи рөлі ашылады.

Кітаптың авторы атап өткендей, «Елбасы шапағаты» тарауында Н. Назарбаевпен кездескен 1984 жылдан бергі естеліктері, Мемлекет басшысының соғыс ардагерлеріне қамқорлығы туралы баяндалады.

«Елбасы - жаңа ұлтты қалыптастырған феномен» атты тарауда мемлекетқұраушы қазақ ұлтының айналасында ұйысқан Қазақстан халқын - «Болашағы біртұтас ұлтты» түзу кезеңдері мен сол жолдағы қиыншылықтар нақты оқиғалар негізінде сараланады.

«Астана - жаңғырудың рәмізі» тарауы елорданы жариялау және тұрғызу кезеңінде болған, бірақ бұған дейін ел назарынан тасада қалып келген тосын оқиғалар мен тың деректерге құрылған.

«Өмір шынайылығын өзгерткен лидер» тарауында Б.Смағұл әскери сарапшы ретінде Қазақстан Президентінің дүниежүзіндегі әртүрлі қақтығыс ошақтарының өшіп, тұрғындарының бейбіт өмірге оралуына ықпал еткен бітімгер бейнесін сөзбен сомдайды.

«Азшылық ұлтты алыпқа айналдырған» тарауында халқының саны аз болғанымен, әлемдік көшбасшы мемлекетке айналған дамыған елдер тәжірибесі сарапталады. Сондай-ақ «Ұлт Атасы» атанған тарихи лидерлер қатарында саналатын Н.Назарбаевтың Қазақстанды озық «отыздық» қатарына қосу стратегиясының мән-маңызы ғылыми талданады.

«Президентке бағыну - жағыну емес, саясатын қолдау - табыну емес» қорытынды тарауында Тұңғыш Президенттің «Рухани жаңғыру» бағдарламасына және содан өрбитін мәселелерге мән беріледі. Бақытбек Смағұл өзінің ұзақ жылдардағы ой-толғанысының жемісі болып табылатын бұл еңбегінде Елбасы атымен ұштасқан «Елдіктің Алтын Ғасырына» қатысты бетбұрыстардың тек куәгері ғана емес, тікелей қатысушысы ретінде дәуір рухын, қазіргі заман бейнесін ғылыми негізде, бірақ ой мен тіл өрнегін төге отырып, аса қызықты суреттейді.

Кітап қалың оқырманға, әр сала мамандарына, сондай-ақ болашақ «назарбаевтанушыларға» орнықты ой, дәйекті дерек, тағылымды түйін, ұлағатты ұйғарым ұсынады.

Соңғы жаңалықтар