Мәжілісте цифрлық технологияларды реттеуге бағытталған заң жобасы таныстырылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінде цифрлық технологияларды реттеу бойынша заңнамалық түзетулер таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауын орындау үшін ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі тиісті заң жобасын әзірледі. Заң жобасын қабылдаудың негізгі мақсаты – цифрлық технологияларды пайдалану мен енгізуге байланысты қоғамдық қатынастарды реттеу үшін құқықтық негіз құру. Заң жобасында барлығы 252 түзету бар», - деп тоқталды ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов.

Ұсынылған түзетулер 6 негізгі бағытқа бөлінген. Олардың арасында цифрлық технологиялар, мәліметтер аналитикасы, халыққа қызмет көрсету бойынша жағдайлар жасау, инвестициялық тартымдылықты арттыру, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен жеке деректерді қорғау әрі ақпараттық қауіпсіздікті қамту шаралары ескерілген.

«Мәліметтер аналитикасына тоқталсақ, бүгінде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесінде стратегиялық бағдарламалар көрсеткіштерін талдау және болжау үшін құнды саналатын мәліметтердің елеулі көлемі жинақталған. Мемлекеттік жоспарлау жүйесін тиімді іске асыру мақсатында мәліметтер аналитикасы тетігін регламенттеу ұсынылады. Ұсынылған нормалар тәжірибе жүзінде пайдалану үшін деректер негізінде құнды аналитикалық қорытындыларды алуға ықпал етуі тиіс», - деді вице-министр.

Бұдан бөлек ол халыққа қызмет көрсету бойынша жағдайлар жасау бағытына тоқталды. Мемлекеттік қызмет көрсетуді жетілдіру мақсатында заңнамалық тұрғыда биометриялық деректерді жинау мен пайдалану тәртібін бекіту ұсынылды.

«Өздеріңіз білесіздер, бірқатар халыққа қызмет көрсету орталықтарында қанатқақты режімде ерікті түрде биометриялық деректерді жинау бойынша жоба іске қосылды. Бұл өз кезегінде болашақта азаматтарға биометриялық параметрлері арқылы өз қалауымен мемлекеттік қыметтерді алуға мүмкіндік береді», - деді А. Оспанов.


Соңғы жаңалықтар