Мәжілісте бюджет заңнамасын жетілдіру бойынша заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінде ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Парламент депутаттары бастамашы болған заң жобасы бюджет заңнамасын жақсарту және бюджеттік рәсімдерді оңайлату, сондай-ақ бюджетаралық қатынастарды жетілдіру мақсатында әзірленген. Заң арқылы мемлекеттік тапсырма тетігін жетілдіру шеңберінде әкімшілердің мемлекеттік тапсырма нысанында орындалатын қызметтер құнының баға белгілеу әдістемесін бекіту көзделеді.

«Сонымен қатар көрсетілетін қызметтердің бір бөлігін қосалқы мердігерлік ұйымдарға беру бойынша шектеу белгіленеді. Бұдан басқа бюджетаралық қатынастар шеңберінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға жер қойнауын пайдаланушылардың аударымдарын облыстық мәслихат белгілеген кірістерді бөлу нормативтері бойынша есепке жатқызу ұсынылады», - деді заң жобасын оқыған депутат Омархан Өксібаев.

Сонымен бірге заң жобасында Бюджет кодексінен бюджет процесінде пайдаланылмайтын арнайы резервті және шартты түрде қаржыландырылатын шығыстарды белгілеу тетіктерін алып тастау көрсетілген. Жұмыс тобына келіп түскен ұсыныстар мүдделі министрліктер мен ведомстволар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының үш отырысында және Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында қаралған. Парламент Мәжілісінің барлық комитеттері оң қорытындылар берген.


Соңғы жаңалықтар