Мәжілісте автобус тасымалы саласындағы мәселелер көтерілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутат Серік Ерубаев «Ақ жол» демократиялық партиясының фракциясы атынан жариялаған депутаттық сауалында еліміздің автобус тасымалы саласындағы күрделі жағдайды көтерді.

Осы орайда Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярдың атына сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл депуататтық сауалға «Ақ жол» демократиялық партиясына еліміздің автобус тасымалы саласындағы кәсіп иелеріненен келіп түскен көптеген арыз-шағымдар түрткі болды. Бүкіл әлемде қоғамдық көлік шығынды сала болып табылатыны бәрімізге белгілі. Бұл салаға мемлекет еріксіз шығындарды жабу кепілдігімен, жеке тасымалдаушыларды тартады. Қазақстанда тұрақты қалалық, қала маңындағы және ауылдық маршруттарға қызмет көрсету кезінде кәсіпорын шығындарын бюджет қаражатынан субсидиялау міндеті «Көлік туралы» және «Автомобиль көлігі туралы» заңдар, сондай-ақ бірқатар нормативтік құқықтық актілердің нормаларына сәйкес, жергілікті атқарушы органдарға жүктелген. Алайда, тәуелсіздіктің барлық жылдарында заңнама талаптары, жалғыз-жарым ерекшеліктерді қоспағанда, бұл салада толық орындалмаған, субсидиялау жүзеге асырылмаған», - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның айтуынша, бұл тұрғыда тұрақты автобус тасымалдары мүшкіл жағдайда, көпшілік жеке автопарктер банкротқа ұшырау алдында тұр.

«Жоғарыда аталған жәйітті түсіне отырып, Үкімет 2018 жылы «Автобус тасымалдарын дамыту жөнінде кешенді бағдарлама» қабылдады, онда тасымалдарды толық көлемде субсидиялау, автобус паркін жаңарту, электрондық билеттеу жүйесін енгізу, заңсыз тасымалдаушыларға қарсы күрес жөніндегі шаралар қамтылған. Әлеуметтік маңызы бар саланы субсидиялау 2019 жылы ғана басталды. 2020 жылдың өзінде кейбір облыстарда 2021-2023 жылдарға арналған бюджетті бекіту кезінде субсидиялауға арналған шығыстар қарастырылмаған», - деді Серік Ерубаев.

Оның сөзіне қарағанда, бірқатар өңірлерде мемлекеттік органдар мақсатты түрде жеке автопарктерді ығыстырып, «Шымкент Бас», «Ақжайық автопаркі» сияқты квазимемлекеттік кәсіпорындар құруда.

Бірақ мұндай жағдайдың өзінде де бұл мекемелердің шаруашылық қызметіне араласып, субсидиялар төлеу жөніндегі өз міндеттемелерін орындамай отыр.

«Осыған байланысты «Ақ жол» Демократиялық партиясының фракциясы автобус тасымалындағы күрделі жағдайды сауықтыру, соның ішінде жұмыс істеп тұрған автопарктерге тиесілі субсидияларды төлеу жөнінде шұғыл шараларды қабылдауды сұрайды», - деді депутат.


Соңғы жаңалықтар