Мәжілісте ауылға білікті мамандарды даярлауға қатысты мәселе көтерілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжілістің жалпы отырысында депутат Гүлнар Бижанова ауылға білікті мамандарды даярлауға қатысты ұсыныс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында білім беру сапасын арттыру мәселесінде қалалық және ауылдық мектептер арасындағы орта білім сапасындағы алшақтықтың өскенін және жыл сайын

21 мыңға жуық мектеп түлектерінің кәсіби әрі жоғары оқу орындарына түсе алмайтынын ерекше атап өтті. Нәтижесінде, жастардың бұл санаты жұмыссыздар мен маргиналдардың қатарын толықтырады. Олардың көпшілігі криминалдық және экстремистік топтардың ықпалына түседі. Бұл проблеманы шешу жолдарының бірі ауыл жастарын алдағы уақытта ауылдық жерлерде жұмыс істеуге мүмкіндік беру үшін білім алуға тарту болып отыр», - деді Н. Бижанова ҚР Премьер-Министрінің орынбасары

Ералы Тоғжановтың атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» әрі «Ветеринария» бағыттары бойынша студенттерді қабылдауды конкурс нәтижесінде мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастыратын барлық жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары іске асырады. Осылайша, мамандарды даярлауды бейінді емес университеттер жүзеге асырады, бұл білім сапасына айтарлықтай әсер етеді.

«Біз осы бағыттар бойынша бөлінетін мемлекеттік тапсырысты жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі, бейінді білім беру ұйымдарының арасында ғана квоталау мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз. Нысаналы орындарға ие бола отырып, жоғары оқу орындары мақсатты және алдын ала кәсіптік бағдар беру жұмысымен айналыса алады және ауылда жұмысқа орналасу перспективасымен дәл осы мүдделі жастарды қабылдай алады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ғылымдағы ахуал ерекше назар аударуды талап ететінін атап өтті. Онсыз біз ұлттың ілгерлеуін қамтамасыз ете алмаймыз. Ғылыми зерттеулер деңгейінің проблемасын шешуге және оларды практикада қолдануға баса назар аударатын кез келді», - деді депутат.

Оның сөізне қарағанда, ғылымның төмен сапасы мен тиімділігін магистрантты даярлауға арналған жылдық шығыстарды қаржыландыру жөніндегі тәсілдерге сүйене отырып бағалауға болады. Қазіргі уақытта 1 магистрантты даярлауға арналған жылдық шығыстар жоғары білімі бар 1 маманды даярлауға арналған жылдық шығыстардан төмен, дегенмен, дәл осы магистратурада жас ғалымда зерттеушінің дағдылары қалыптасады.

«Ерекше мәртебесі жоқ жоғары оқу орындарында магистратура бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысын қаржыландыру мөлшері ерекше мәртебесі бар жоғары оқу орындарына қарағанда 65%-ға төмен.

Бұл төмендету мүлдем негізделмеген және магистрлерді даярлау сапасына қатты әсер етеді. Нәтижесінде, біз жастар арасындағы ықтимал ғылыми әлеуетті де, бюджет қаражатын да жоғалтамыз. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 20 сәуірдегі №253 қаулысына өзгерістер енгізуді, онда ерекше мәртебесі жоқ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары үшін магистранттарды оқытуға жұмсалатын орташа шығыстарды қайта қарап, оларды ерекше мәртебесі бар жоғары оқу орындарының магистранттары деңгейіне дейін арттыруды ұсынамыз», - деді Г. Бижанова.


Соңғы жаңалықтар