Мәжілісте ауылдардың интернетке қолжетімділігін арттыруға бағытталған заң жобасы мақұлданды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжілісте «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне ауылды елді мекендерде интернеттің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауылды жерлерді сапалы интернетпен қамтамасыз ету – бүгінгі күннің басты талабы. Себебі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің білім және денсаулық сақтау салаларын заманға сай реформалау туралы айтқан болатын. Осы жолда әрине, цифрлық және электронды қызметтердің қажеттілігі өте маңызды. Сол үшін осы заң жобасына енгізілген өзгерістер ауыл тұрғындарының сапалы және қолжетімді интернетпен қамтамасыз етуге жаңа серпін берері сөзсіз», - деді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Оның айтуынша бұл заң ауылды жерлерде интернет желілерін тартуды жеделдетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Осының бәрі әлбетте ауыл халқын заманға сай телекоммуникациялық және байланыс қызметімен қамтамасыз етуге жол ашады. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін осы заң жобасы даярланып отыр. Заңды қабылдау нәтижесінде азаматтар электронды мемлекеттік қызметті алумен қатар, онлайн-оқу, цифрлық денсаулық сақтау қызметтерінің мүмкіндіктерін белсенді түрде қолдана алады. Ауылдардың арасы алшақ жатқанын білесіздер», - деді ол.

Айта кетсек, заң жобасы ауылдық елді мекендерді интернетпен қамтамасыз ету мақсатында әзірленген. Ол Қазақстан Республикасының 2 кодексі мен 2 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Заң жобасы байланыс нысандарын салу кезінде жер учаскелерін ресімдеу бойынша рұқсат беру рәсімдерін оңайлатуға, байланыс операторларының барлығына телекоммуникациялық инфрақұрылымға тең қол жеткізу мүмкіндігін беруге бағытталған. Жұмыс тобына депутаттар мен комитеттердің 28 ұсынысы келіп түсіп, олар мүдделі министрліктер, ведомстволар және қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының екі отырысында, комитеттің кеңейтілген отырысында талқыланған.


Соңғы жаңалықтар