Мәжілісте ауылдарды кең жолақты интернетке қосудың жоспары баяндалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2022 жылдың соңына дейін Қазақстан Республикасы халқының 97 пайызы кең жолақты интернет желісімен қамтылады. Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде елімізде 117 қала мен 3 324 ауылда кең жолақты интернет қолжетімді. Ол әртүрлі технологиялармен қамтамасыз етілген, солардың ішінде талшықты-оптикалық желі, 3G және 4G желілері. 2018 жылы Қазақстан әлемдік рейтингте ұялы байланыс абоненттері бойынша 21-орынға ие болды. Қазақстанда интернет пайдаланушылар саны 2018 жылы 81,3 пайызды құрады және әлемдік рейтингте Қазақстан 45-орынға ие болды. Ауылдық жерлерді кең жолақты интернетпен ары қарай қамту үшін 2018-2022 жылдарда талшықты-оптикалық және LTE (4G) желілерін салу жоспарлануда», - деді А. Жұмағалиев.

Атап айтқанда, бірінші кезең талшықты-оптикалық желілерді салуға негізделген. Жобаны іске асыру 1 250 ауылдық елді мекенде жоғары жылдамдықты интернет қызметтерін ұсынуға мүмкіндік береді. 2019 жылғы бірінші жартыжылдықтағы жағдайы бойынша талшықты-оптикалық желілер 83 ауылдық елді мекенде (оның ішінде 85 денсаулық сақтау және 76 білім нысаны) іске қосылды. 2019 жылдың аяғына дейін 685 ауыл интернет желісіне қосылады, ал 2020 жылы қалған 509 ауылды қосу жоспарлануда.

Екінші кезең барысында 2020-2022 жылдарда LTE (4G) стандартындағы мобильді желілерді және басқа технологияларды дамыту арқылы 3 143 ауылды интернетпен қамту жоспарлануда.

Осы аталған жобаларды іске асыру аясында 2020 жылдың аяғына дейін тұрғындардың саны 250 –ден асатын 880 ауыл кең жолақты интернет желісімен қамтылатын болады.

«Сонымен қатар, ары қарай тұрғындардың саны 50-ден жоғары 885 ауылды интернет желісіне қосу жоспарлануда. Қорытындысы бойынша. 2022 жылдың соңына дейін 5089 ауылдық елді мекен интернет желісіне қосылады. Ал қалған ауылдарға спутниктік байланыс арқылы Интернет желісін ұйымдастырудың техникалық мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. Бұл орайда ауылдық елді мекендерді интернет желісіне қосу Ұлттық экономика министрлігімен жасалған перспективті ауылдар тізіміне сәйкес орындалатын болады», - деп нақтылады Асқар Жұмағалиев.

Белгілі болғандай, жоғарыда аталған жобаларды орындау жұмыстарының нәтижесі бойынша 2022 жылдың соңына дейін Қазақстан Республикасы халқының 97 пайызы кең жолақты интернет желісімен қамтылатын болады. Қалған 3 пайызына спутниктік технологияны қолдану мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.

Соңғы жаңалықтар