Мәжілісте аттестаттау емтихандары мен соңғы қоңырау салтанатты жиынын өткізбеу ұсынылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қорытынды аттестаттау емтихандарын және соңғы қоңырау салтанатты жиынын өткізбеу керек. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жұлдыз Сүлейменова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде 28 мамырдан бастап 9, 11 сынып оқушылары үшін қорытынды аттестаттау емтихандары басталады. Биыл 9-сыныпта 264 мыңнан астам оқушы 3 емтихан тапсырса, ал 11-сыныпта 154 816 оқушы 4 емтихан тапсырады», - деді депутат Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған сауалында.

Оның пайымынша, емтихан тапсыру жабық ғимараттарда өткізілуіне байланысты, оқушылардың, педагогтар мен техникалық персоналдың короновирус жұқтыру ықтималдығы жоғары.

«Жабық кеңістіктерде ұзақ емтихандар өткізу қаншалықты қисынды болмақ? Бүгіннің өзінде, оқушылар арасында короновирус фактілердің орын алуына байланысты, қорытынды аттестаттау емтихандарын және соңғы қоңырау салтанатты жиынын өткізбеу керек деп санаймыз. Бұл ата-аналар тарапынан үлкен алаңдатушылықты тудыруда. Бұдан өзге, оқушылардың және мұғалімдердің денсаулығы басты назарда болуы қажет», - деді Жұлдыз Сүлейменова.

Осы орайда, Nur Otan партиясы фракциясының депутаттары келесі ұсыныстарды енгізді:

Біріншіден, оқушылардың, мұғалімдер мен ата-аналар қоғамдастығының денсаулығын сақтау, COVID вирусының алдын алу мақсатында Білім және ғылым министрлігіне 9, 11 сынып оқушылары үшін мемлекеттік қорытынды аттестаттау емтихандарын өткізбеу туралы шешім қабылдау ұсынылды.

«Індеттің алдын алуда бұл маңызды. Жалпы, мұндай тәжірибе қолданыста бар. Былтыр короновирус пандемиясына байланысты ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 3 сәуірдегі 129 бұйрығына сәйкес 9, 11 сыныптарға қорытынды аттестаттау емтихандары болмады. Сәйкесінше, қорытынды бағалар оқу жылының тоқсандық бағалары негізінде қойылды», - деді депутат.

Екіншіден, 9, 11 сыныптарда қорытынды аттестаттау өткізу пандемия және қашықтан оқыту жағдайына икемді етуге қатысты тиісті заңнамалық нормативтік актілерге өзгерістер енгізу және реттеу ұсынылды.

«Үшіншіден, 6 мамырда ҰБТ басталғаны баршамызға белгілі. Осы орайда, жергілікті атқарушы билік органдары Бас санитарлық дәрігерлермен бірлесіп, ҰБТ тапсыру пунктерінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына қатысты мониторинг топтары жұмысының тиімділігін арттыруды өз жауапкершілігіне алуы қажет деп санаймыз», - деді ол.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова мектеп түлектерінің қорытынды аттестаттауына қатысты түсінік берді. Сонымен қатар, соңғы қоңырау аясында мұғалімдерге сыйлық алуға тыйым салынған.


Соңғы жаңалықтар