Мәжілісмен Қазақстанның киелі жерлерін ұлттық валюталарға енгізуді ұсынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл "Қазақстанның киелі жерлері" жобасы аясында іріктеліп алынған киелі орындарды ұлттық валюталарда көрсетуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  

Депутат мәдени мұраға жататын тарихи ескерткіштер мен ұлттық құндылықтарды насихаттаудың түрлі жолдары бар екенін атап өтті және ұлттық валютада таңбаланатын бейнелердің аса маңыздылығын баса айтты.

"Таяуда ғана әлеуметтік желілерде, ел арасында және ақпараттық құралдарда Ұлттық банк таныстырған жаңа 500 теңгелік банкнотқа  қатысты қызу пікірталастар жүрді. Бұл ретте, жаңа 500 теңгеге кескінделген елордадағы "Москва" коммерциялық бизнес-орталығының бүкіл Қазақстан үшін еш ізгі символдық мәнісі жоқтығы сөзсіз. Шындап келгенде, әлем бойынша ұлттық валютада таңбаланатын бейне символдық мәнге ие болып табылады. Сондықтан, оған қоғам да, орталық банктер де бей-жай қарамайды. Мұны дамыған елдер тәжірибесінен де байқауға болады. Тіпті, көрші Ресейдің өзі биыл айналымға түсетін 200 және 2000 рубльдің жаңа банкноттарында не кескінделетінін бүтін Ресей бойынша жүргізілетін ашық дауыс беру арқылы таңдап алды. Сондықтан, ұлттық валютамызда не бейнеленетінін жалғыз Ұлттық банк дизайнерлерінің жеке таңдауына ғана тастамай, қоғамдық талқыға шығаруымыз қажет", - деді Бақытбек Смағұл Мәжілісте өткен Үкімет сағатында.

Сондай-ақ депутат Елбасы жариялаған "Рухани жаңғыру" стратегиясының ұлттық валютада да көрініс беруі қажеттігін, теңге жазуларын латын графикасына ауыстырумен ғана шектелмеуі керектігін атап өтті.

"Ұлттық валютада барша қазақстандықтар және күллі түркі дүниесі қасиет тұтатын киелі жерлер көрініс тапқаны абзал. Оларды алыстан іздеудің немесе интернеттен қараудың қажеті жоқ. Барлық ақпараттар мен деректер "Рухани жаңғыру" аясында қолға алынған "Қазақстанның киелі жерлері" жобасы аясында жинақталуда. Қазірдің өзінде ғалымдар мен қоғамдық қайраткерлер 100 жалпыұлттық және 500 өңірлік мәдени ескерткіштерді іріктеп алды", - деді ол.

Осылайша, Бақытбек Смағұл таңдаулы киелі орындарды ұлттық валютада бейнелеу арқылы оларды барша Қазақстан халқына, жас ұрпаққа, шетелдік туристерге және жаһандық коллекционерлер арасында насихаттауды ұсынды.

Соңғы жаңалықтар