Мәжілісмен Айгүл Құспан РФ Дума депутатының арандатқыш мәлімдемесіне жауап берді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айгүл Құспан өзінің Facebook-тегі ресми парақшасында Ресей Мемлекеттік Думасы депутатының мәлімдемесіне жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжілісмен өз жазбасында Мемлекеттік Дума комитеті төрағасының орынбасары Константин Затулиннің Қазақстанға қатысты жасалған айыптау мәлімдемесі үстіртін әрі негізсіз екенін атап өткен.

«Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасының 30 жылдығы қарсаңында ТМД істері жөніндегі Мемлекеттік Дума комитеті төрағасының бірінші орынбасары Константин Затулин тағы да Қазақстанға сес көрсетіп, мәдімдеме жасады.

Өкінішке қарай, осындай депутаттардың кесірінен достас Ресейдің жақын шетелдегі бейнесі агрессия, менмендік және надандықпен байланыстырылады. Ойдан шығарылған қазақ ұлтшылдығы және өзге де ұлтшылдық тәмсілдер арқылы мұндай саясаткерсымақтар Ресейдің мүддесіне нұқсан келтіреді. Затулиннің жаңа мәлімдемесін достық қарым-қатынастан ада және үстіртін, негізсіз жасалған деп есептеуге болады.

Әскери міндеттілерді ішінара жұмылдыру жөнінде жарияланғаннан кейінгі алғашқы тәуліктің өзінде Қазақстанға 10 мыңға жуық Ресей азаматы келді. Билік те, халық та оларға ешқандай кедергі жасап жатқан жоқ. Бұл біздің елде «русофобия» жоқ екенін дәлелдеп отыр.

Дегенмен депутат Затулин мұны қандай да бір себептермен байқамайтын көрінеді. Дей тұрғанмен оның пайымынша, Ресейге адалдығымызды дәлелдеу үшін біздің ел экономикасы Батыстың екінші қайталама санкциясына ұшырап, азаматтарымыздың мүддесіне елеулі залал келтіруіміз керек екен.

Естеріңізге салайын, осы жылдың маусым айында да депутат Затулин Украинадағы жағдайды мысалға келтіре отырып, «бәрі де болуы мүмкін» деп Қазақстанға қатысты мәлімдеме жасап еді. Осыдан кейін оған ресейлік әріптестері өз құзыретінен тыс арандатушылық пікір білдіргенше, өз комитетінің қызметіне көбірек назар аударуы қажет екенін айтқан болатын. Оның жұмысының негізгі бағыты, керісінше, одақтастық және тату көршілік қатынастарды нығайту еді», - деп жазды ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты өзінің Facebook-тегі парақшасында.



Фото : facebook.com






Соңғы жаңалықтар