Мәжіліс жерді пайдалануға бақылауды күшейтетін заң жобасын талқылайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылайтын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аталған заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында және жер қатынастары саласындағы негізгі мәселелерді талқылау әрі олар бойынша ұсынымдар әзірлеу үшін арнайы құрылған Жер реформасы жөніндегі комиссия қызметінің қорытындысы бойынша әзірленді. Атап айтқанда, заң жобасымен отандық жер пайдаланушылар үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға беру институтын жетілдіру көзделген. Сонымен қатар, қазақстандықтарға ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшікке беру жөніндегі Жер кодексі нормаларының қолданылуын бес жылға кейінге қалдыру ұсынылды», - деді Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Ерлан Барлыбаев палатаның жалпы отырысында.

Оның айтуынша, заң жобасы аясында жерді пайдалануға мемлекеттік бақылау күшейтілді.

«Жайылымдық жерлердің аумақтары анықталды және ашық жер кадастры көзделген. Аграрлық мәселелер комитеті аталған заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеуге дайын», - деді депутат.

Еске сала кетейік, биыл сәуір айының соңында Жер реформасы жөніндегі комиссияның отырысында жер иелгіне қатысты нормаларға белгіленген мораторий мерзімін 5 жылға ұзарту туралы шешім қабылданды.



Соңғы жаңалықтар