Мәжіліс жер заңнамасына жаңа толықтыруларды бірінші оқылымда мақұлдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2016 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен Жер кодексінің жекелеген баптарының қолданысына мораторий енгізілгені белгілі. Бұл мораторий 2021 жылы 31 желтоқсанда аяқталады. Шетелдіктер байланысты мораторий нормаларына келетін болсақ, Мемлекет басшысы түпкілікті саяси шешім қабылдады. Атап айтқанда, 2021 жылы 13 мамырда ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге, шетелдік заңды тұлғаларға беруге және сатуға толық тыйым салуды көздейтін Қазақстан Республикасының тиісті Заңы қабылданды.

«Қазақстандықтарға қатысты мораторий нормалары бойынша, сондай-ақ жер заңнамасын жетілдіру мақсатында Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында Жер реформасы бойынша комиссия құруды тапсырды. Барлығы Жер комиссиясының құрамына 80 адам кірді, олардың 75 пайызы азаматтық қоғам өкілдері және тәуелсіз сарапшылар болды», - деді ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров.

Жер реформасы жөніндегі комиссия биылғы 25 наурызда жұмысқа кірісіп, 24 сәуірде жұмысын аяқтады. Комиссияның 5 отырысы өткізіліп, онда 120-дан астам ұсыныс көтеріліп, жер заңнамасын жетілдіруга байланысты бірқатар жүйелі ұсынымдар әзірленді. Жер реформасы жөніндегі комиссияның ұсыныстарын іске асыру мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы дайындалды.

Заң жобасының негізгі өзгерістері мен толықтырулары:

- қазақстандықтарға және қазақстандық заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді 49 жылға дейінгі мерзімге жалға беру;

- келесі, жалға алу мерзімі аяқталған кезде оны жаңа мерзімге ұзарту құқығын беру;

- мемлекеттен сатып алмай, жер пайдаланушылар арасында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге жалдау құқығын иеліктен шығару. Бұл ретте, оларды пайдалану мерзімі кемінде 5 жыл, сондай-ақ жер қатынастары органдарын хабарлау міндетті шарт болып саналады;

- Жер ресурстарын басқару комитетіне жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау функцияларын әкімдіктерден қайтару;

- жер үлестері есебінен құралған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін кепілге салу кезінде үлес иелерінің келісімі болғанда рұқсат беру;

- ауыл шаруашылығы жерлерінің нысаналы мақсатын «бағбандық» және «саяжай құрылысына» өзгертуге тыйым салу;

- жер беру комиссиясының хаттамалық шешіміне шағымдану мерзімін белгілеу бойынша нормаларды нақтылау;

- халықтың мұқтажын қанағаттандыру мақсатында, жергілікті жағдайларды ескере отырып, жайылымдарды басқару жөніндегі жоспарларда, қажетті жайылым алқабының шекарасын айқындау;

- берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері туралы мәліметтерді мемлекеттік жер кадастрының интернет - ресурсында ашық түрде орналастыру;

- ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеке меншікке беруге мораторийдің қолданылу мерзімін 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзарту.

«Әзірленген заң жобасын қабылдау нәтижесінде мынадай оң әлеуметтік-экономикалық салдар күтіледі: жалға алынған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді экономикалық айналымға тарту, жергілікті халықтың жайылымдық жерлерге қажеттілігін қанағаттандыру, ауыл шаруашылығы жерлерінің нысаналы мақсатын өзгертуге қойылатын талаптарды және жерді пайдалану мен қорғауға бақылауды күшейту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері бойынша ақпараттың ашықтығы. Әрине, жер заңнамасына талқыланған түзетулерді қабылдау агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты дамытудың бірі болып отыр. Өйткені жер мәселелері - ауыл шаруашылығы экономикасын дамытудың негізгі факторлары. Сонымен, ел Президенті Үкімет алдына бірқатар нақты әрі маңызды міндеттер қойды, оларды біз агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 10 жылға арналған ұзақ мерзімді концепциясын және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаны қабылдаумен іске асыруды жоспарлап отырмыз», - деді Айдарбек Сапаров.


Соңғы жаңалықтар