Мәжіліс жаңа үш жылдық бюджет жобасын мақұлдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «2022 – 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үш жылға арналған республикалық бюджет жобасы Мемлекет басшысының тапсырмаларын және «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының барлық міндеттемелерін қамтиды. Бюджет жобасын қарау барысында оның бағыттары егжей-тегжейлі талқыланды, сондықтан негізгі параметрлеріне қысқаша тоқталып өтейін. Республикалық бюджет түсімдері биылдың жоспарына қарағанда 432 млрд теңгеге ұлғая отырып, 2022 жылға 13 трлн теңге көлемінде болжанып отыр. Республикалық бюджетке түсетін мұнай түсімдерінің үлесі біртіндеп азаятын болады. Мәселен, ағымдағы жылғы 43,6%-дан

2024 жылға қарай ол 28,6%-ға дейін төмендейді», - деді ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Оның айтуынша, Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансферт 2022 жылы ағымдағы жылмен салыстырғанда 300 млрд теңгеге, ал 2023 және 2024 жылдары тағы 200 млрд теңгеге азая отырып, жоспарланған. Келесі жылға Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферт

550 млрд. теңге және 2023-2024 жылдарға 400 млрд теңге мөлшерінде айқындалды.

«Мұнайға қатысты емес түсімдердің үлесі биылғы 56,4%-тен 2024 жылға қарай 71,4%-ке дейін өседі деп болжанған. Бюджет тапшылығы 2022 жылы жалпы ішкі өнімге 3,3%-дан 2024 жылы 2,5%-ға дейін кезең-кезеңмен төмендеумен жоспарланып отыр», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, шығыстар келесі жылы 15,9 трлн теңгені құрайды. Бюджеттің әлеуметтік бағыты сақталды. Үш жылдық кезеңде әлеуметтік сала шығыстары 26,7 трлн теңге болады. Оның ішінде 2022 жылы биылдың деңгейіне қарағанда 643,2 млрд теңгеге ұлғая отырып, 8,1 трлн теңгені құрайды.

«Бюджеттің жалпы көлеміндегі бұл шығыстарының үлесі ендігі жылы 50,8%-ға дейін өседі. Шығыстар көлемінің көп бөлігі азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру мен оларға көмек көрсетуге бағытталған. Денсаулық сақтау жүйесін дамытуға арналған шығыстар 2022-2024 жылдары 5,7 трлн теңгені, оның ішінде 2022 жылға 1,8 трлн теңгені құрайды. Осы қаражат аясында медицина қызметкерлерінің еңбекақысын ұлғайту көзделген», - деді Ә. Ерғалиев.

Оның сөзіне қарағанда, білім және ғылым жүйесін дамытуға 3 жылға 7 трлн теңге, оның ішінде 2022 жылға 1,8 трлн теңге көзделген. Бұл биыл бөлінген қаражаттан 477,1 млрд теңгеге артық.

«Экономиканың нақты секторын қолдауға және дамытуға арналған шығыстар орта мерзімді кезеңде 3,6 трлн теңгені, оның ішінде 2022 жылға 2 трлн теңгені құрайды. Осы бағыт аясында барлық мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға шығыстар көзделген. Олар біртіндеп ұлттық жобаларға ұласатын болады», - деді министр.

Заң жобасын талқылау барысында бірқатар түзетулер енгізілді. Түзетулердің бірінші блогы Мемлекет басшысының биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын қаржылық қамтамасыз етуге бағытталған.

Мәселен, 2022 жылға азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының еңбекақыларын көтеруге 143,4 млрд теңге сомасында қаражат көзделген.

Түзетулердің екінші блогы депутаттардың бастамашылығы бойынша халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және өңірлерді дамытуға бағытталған.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев елімізде инфляцияның өсуінің негізгі себептерін айтты.

Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев 2022 жылы бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге қатысты 3,3% деңгейінде болжанып отырғанын айтты.

Министр 2022 жылы тауарлар экспорты 60,1 миллиард доллар деңгейінде болжанып отырғанын және 2026 жылға дейін 79,8 миллиард долларға дейін ұлғаятынын жеткізді.

Тауарлар импорты 2022 жылы 40,8 миллиард доллардан 2026 жылы 43,4 миллиард долларға дейін ұлғаяды.


Соңғы жаңалықтар