Мәжіліс зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңға ҚР Президенті ұсынған редакцияны мақұлдады

None
None
АСТАНА. 12 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңы 11-бабы 1-тармағы бойынша қарсылығын қарап, Мемлекет басшысы ұсынған жаңа редакцияны мақұлдады.

Еске салсақ, Елбасы Н. Назарбаев өткен аптада Парламент қабылдаған заң нормасына өз қарсылығын білдірген болатын. Бұл ретте Президент зейнет жасын кезең-кезеңмен ұзартуды 2014 жылғы 1 қаңтардан емес, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастауды ұсынды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Үкіметке ха­лыққа қажетті шараларды одан әрі пысықтап, дамытуды тапсырды. Атап айтқанда, Елбасының тапсырмасына сәйкес, бала күтімі демалысы кезінде жұмыс істеуші әйелдердің міндетті зей­неткерлік салымына мемлекет есебінен қосымша төлемақы қамтамасыз етілуі тиіс. Бұдан бөлек, азаматтардың міндетті 10 пайыз зейнетақы шығысына жұмыс берушінің міндетті шығарылымы есебінен қосымша 5 пайыз енгізілетін болады. Үшіншіден, міндетті кәсіби зейнетақы салымын кезең-кезеңмен тағы да 5 пайызға кө­бейту қарастырылады. Бұл жайт айрықша және зиянды өнді­ріс­терде зейнеткерлікпен қамтамасыз етуді жақсартады.

Сондай-ақ Президент Үкіметке 2030 жылға дейін зейнеткерлікпен қамтамасыз ету жүйесін жаңғыртуды одан әрі жалғастыру жөнінде кешенді іс-шаралар әзірлеуді тапсырды.

Аталған мәселе бойынша ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Кәрім Мәсімов баяндама жасап, палата депутаттары, Мәжілістің парламенттік фракциялары Елбасы ұсынған редакцияны бірауыздан қолдады.

Соңғы жаңалықтар