Мәжіліс ҰҚШҰ аясында материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі заңды қабылдады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскерлерін (Ұжымдық күштерін) бірлескен материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз ету туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Келісімге 2021 жылғы 16 қыркүйекте Душанбе қаласында Ұжымдық кеңес отырысында қол қойылды.

«Келісім қойылған міндетті бірлесіп орындау кезінде әскерді материалдық-техникалық, медициналық қамтамасыз ету, жедел және жауынгерлік даярлық іс-шарасы барысында мемлекеттердің өзара іс-қимылын реттейді. Құжат бойынша тараптар келісілген әскери-техникалық саясатты жүргізеді. Бұл саясат әскерді қару-жарақ пен техниканың жаңа үлгісімен, материалдық құралмен қамтамасыз етуге бағытталған», - деді Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов.

Оның айтуынша, әскерді материалдық-техникалық, медициналық қамтамасыз етуді осы топтың қолбасшылығы ұйымдастырады. Ол әрбір тарап есебінен дербес жүргізіледі.

«Жіберуші тарап үшін әскерді қамтамасыз ету қиынға түссе, бұл іс-шаралар қабылдаушы немесе басқа тараптың ресурсы есебінен уағдаластық негізінде іске асырылуы мүмкін», - деді министрдің орынбасары.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің аумағында ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құралымдарының уақытша болуына байланысты істер бойынша құқықтық көмек көрсету және юрисдикция мәселелері жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды.


Соңғы жаңалықтар