Мәжіліс Үкіметтің 2013 жылғы бюджетті атқару туралы есебіне оң қорытынды берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісі ҚР Үкіметі мен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2013 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін талқылады.

Премьер-Министрдің орынбасары - Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, былтырғы жыл қорытындысы бойынша, республикалық бюджетке түсетін түсімдер жоспары 100,6 пайызға немесе 5 272,4 миллиард теңгеге атқарылды. Үкіметтің есебіне сәйкес, кірістер іс жүзінде 2012 жылмен салыстырғанда 7,8 пайызға өсті. 2013 жылға арналған республикалық бюджет шығыстарына қатысты айтар болсақ, олар 5 990,5 миллиард теңгені немесе жоспарға 99,3 пайызды құрайды. 2012 жылмен салыстырғанда, оның өсімі 194,8 миллиард теңгені құрады.

Республикалық бюджет шығыстарының құрылымында негізгі үлесті әлеуметтік сала шығыстары алып отыр - 2 336,4 миллиард теңге немесе 36,0 пайыз, оның 1 239,9 миллиард теңгесі зейнетақылар мен жәрдемақыларды құрайды. Дегенмен, бюджет қаржысының 42,9 миллиард теңгесі пайдаланылмай қалған.

Ал Есеп комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин өз баяндамасында бюджет қаржысын тиімді пайдалануды арттыру, бюджет қаржысының мақсатты және тиісті пайдалануын қамтамасыз ету, сондай-ақ республикалық бюджет қаражатының атқарылуын жетілдіру және мемлекет активтерін пайдаланудың тиімділігін арттыру мәселелерін көтерді. «Бюджетті жоспарлау сапасының төмендігі, салық әкімшілендіру тиімділігінің аздығы және көлеңкелі экономика үлесінің ұлғаюы бюджет қаржысын тиімсіз басқарудың алғышарттарын қалыптастырады», - деп атап өтті комитет төрағасы. Оның сөзіне қарағанда, Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің республикалық бюджетті бірнеше мәрте нақтылап, түзетулеріне қарамастан 2013 жылғы республикалық бюджет қаржысын пайдалану барысында тиімділіктің жетіспеушілігі орын алды. 2014 жылғы 1 қаңтарда орталық мемлекеттік органдар 43,2 миллиард теңгені игермеді, жергілікті атқарушы органдар игерілмеген және өз мақсатына пайдаланбаған 26,0 миллиард теңге мақсатты трансферттерді бюджетке қайтарды.

Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің есеп-шоттарындағы қалдық қаражат 62,6 миллиард теңгені құраған.

Жалпы алғанда, Парламент Мәжілісі Үкіметтің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін оң бағалайды.

Соңғы жаңалықтар