Мәжіліс Түркі академиясын орналастырудың шарттарына қатысты заң жобасын мақұлдады
2022 жылғы 30 наурыз 11:45

Мәжіліс Түркі академиясын орналастырудың шарттарына қатысты заң жобасын мақұлдады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «ҚР Үкіметі мен Түркі академиясы арасындағы Түркі академиясын орналастырудың шарттары мен тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Академияның басты мақсаты – түркі тілдерін, әдебиетін және мәдениетін сақтауға, дамытуға және танымал етуге бағытталған түркология саласындағы зерттеулерді жүргізу. Қазіргі таңда академияға мүшелікке Қазақстаннан басқа Қырғызстан, Әзербайжан және Түркия елдері еніп отыр. Ал Венгрия бүгінгі күні бақылаушы міртебесіне ие. Академияның штаб-пәтері Нұр-Сұлтан қаласында орналасқанына байланысты келісімнің мақсаты - елімізге жұмыс істеу кезеңіндегі Түркі академиясының мәртебесін, оның артықшылықтары мен иммунитеттерін анықтау», - деді заң жобасы туралы баяндаған ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Министрдің дерегінше, академияда 17 адам жұмыс істейді. Оның ішінде екеуі шетел азаматтары.

«Келісім күшіне енгеннен кейін академияның жергілікті және шетелдік қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінде аккредиттеуден өтуі тиіс болады. Академия ғылыми-зерттеу жұмыстарымен, кітаптар мен журналдар шығарумен айналысады, түркі елдерінің атақты ғалымдарына халықаралық форумдар мен конференциялар өткізуде, түркология бойынша ғылыми жұмыстар жүргізуде бүгінгі күні үлкен белсенділік танытып келеді. Түркітілдес мемлекеттер ұйымына қатысушы елдермен ынтымақтастықты нығайтудың және ҚР-дың түркі әлеміндегі рөлін арттырудың маңыздылығын назарға ала отырып, аталған заң жобасын қарастыруларыңызды сұраймын», - деді ол.

Заң жобасын талқылау барысында депутаттар құжатты мақұлдап, Сенат қарауына жіберу туралы шешім қабылдады.


Jańalyqtar

MURAǴAT