Мәжіліс Төрағасы ТүркПА-ның Бас хатшысымен кездесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) Бас хатшысы Мехмет Сүрейя Эрді қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кездесу барысында Ерлан Қошанов еліміз тәуелсіздік тарихында жаңа кезеңге қадам басып отырғанын атап өтті.

– Біздің Президентіміз конституциялық өзгерістерге байланысты референдум өткізу туралы бастама көтерді. Бұл уақыт талабынан және қоғам сұранысынан туындап отырған тарихи шешім. Осыған байланысты елімізге ТүркПА-ның байқаушылары да келді. Бұл жұмысқа өзіңіз де атсалысып отырсыз, – деді Мәжіліс Төрағасы.

Өз кезегінде С.Эр алдағы референдумның сәтті өтетініне тілектестік білдіріп, бұл Қазақстанның одан әрі дамуы жолындағы маңызды кезең болатынына сенім білдірді.

– Біз Қазақстанды Еуразияның жарқыраған жұлдызы деп білеміз. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдауына өзі атап өткен рефорамалар негізінде Ата заңға өзгерістер енгізілгелі отыр. Сондықтан алдағы референдумның сәтті өтуіне шын жүректен тілектеспін, – деді ТүркПА-ның Бас хатшысы.

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Мехмет Эрге республикалық референдум жұмысына қатысуға белсенділік танытқаны үшін ризашылық білдірді.

Сонымен қатар кездесуде тараптар Қырғызстанда өтетін ТүркПА-ның ХІ Кеңесі мен жалпы отырысына қатысты мәселелерді талқылады. Аталған жиында ұйымның 2023-2028 жылдарға арналған Стратегиялық жол картасын бекіту жоспарланған.

Сондай-ақ, Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясы миссиясының байқаушыларымен кездесті.

Басқосуға Түркия Республикасы Ұлы Ұлттық Жиналысының депутаты Реджеп Шекер, Әзербайжан Республикасы Милли Меджилисінің депутаты Хикмет Мамедов, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің депутаты Чолпон Султанбекова және ТүркПА Бас хатшысы Мехмет Сүрейя Эр қатысты.

Мәжіліс Спикері бұл кездесудің Қазақстан үшін жауапты әрі тарихи кезеңде өтіп жатқанын атап өтті.

«Екі күннен кейін өтетін үлкен саяси науқан – республикалық референдум барысын байқауға арнайы келген ТүркПА делегациясына шын жүректен алғысымды білдіремін. 5 маусымда сіздердің миссия халық белсенділігіне куә болып, әділ бағасын береді деп ойлаймын», – деді Ерлан Қошанов.

Өз кезегінде, байқаушылар Конституциялық реформалар Қазақстанның одан әрі дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.

«Демократия – үнемі дамып отыратын процесс. Осы орайда Мәжілістің рөлі ерекше. 1995 жылдан кейін өткізіліп отырған референдумның да маңызы зор деп ойлаймын. Жексенбі күні өтетін науқан Қазақстан халқы және жалпы түркі жұрты үшін жақсылықтың нышаны болады деген сенімдіміз. Бауырлас қазақ елі жарқын болашаққа нық қадам жасайды деп білеміз», – деді Түркия Республикасы Ұлы Ұлттық Жиналысының депутаты Реджеп Шекер.

Кездесу соңында Ерлан Қошанов көпжақты байланыстарды нығайтуда парламентаралық ынтымақтастықтың маңызы зор екенін айтты.


Соңғы жаңалықтар