Мәжіліс төрағасы салық салу саласындағы кемшіліктерді атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин салықтарды есептеу саласындағы кемшіліктерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Салықтық рақымшылық салық төлеушілерден бөлек, Мемлекеттік кірістер комитеті қызметкерлеріне де қажет деген пікір қалыптасып отыр. Соңғы кездері жеке тұлғаларда салық бойынша қомақты сомада қарыздары байқалған. Әрине, бұл бірінші кезекте салық төлеушілердің кінәсі. Алайда көбінесе бұл жағдай сапасыз салықтық әкімшілеу, жүйесіздік, сондай-ақ кейде өзінің жұмысына салық органдарының салғырт қарауынан орын алады», - деп тоқталды Мәжіліс төрағасы палатаның жалпы отырысында.

Мемлекеттік кірістер комитеті ақпаратына қарағанда, ел бойынша жеке тұлғаларға корпоративтік табыс салығы, қосылған құн салығы бойынша 700 млн теңге сомаға салықтық қарыз есептелінген. Негізінен, бұл салықтарды заңды тұлғалар төлейді.

«Бұл салықтық борыштың сомасы осы жеке тұлғаларға 15 жылдан бері есептелген. Оған жыл сайын өсімпұл қосылады. Атап айтқанда, осы жеке тұлғалар жеке кәсіпкер ретінде тіркелмегені де анықталды», - деді Н. Нығматулин.

Бұл тұрғыда талқылау барысында мәліметтер базасы өзектілігі мен ақпараттық жүйелер интеграциясындағы проблемалар атап өтілді.

«Салықты есептеудегі қателіктерге қатысты азаматтардың шағымдары тиісті жұмыстарды қысқа мерзімде аяқтау керектігін байқатып отыр. Ең бастысы, салықпен тікелей қатысты министрліктердің деректер базасының интеграциясын аяқтау қажет», - деді Мәжіліс төрағасы.

Соңғы жаңалықтар