Мәжіліс төрағасы допинг проблемасына қатысты пікір білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин елімізде допингке қарсы қатаң шаралар қажет екенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Допинг проблемасы бүгінде халықаралық сипатқа ие болып отыр. Күн сайын оның ауқымы артып келеді. Өкінішке қарай, соңғы кездері бұл проблема Қазақстан спорты үшін де өзекті болып отыр. Бұл тұрғыда қатаң шаралар қажет», - деді Н. Нығматулин Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында.

Мәжіліс төрағасының пайымынша, бүгінгі спорттағы ең үлкен дау допингпен байланысты.

«Әсіресе, жастарға елеулі зиян келтіреді. Бізде әлем чемпионатын немесе Олимпиаданы жеңіп келген адамға медальдер, атақ, көлік пен пәтерлер, сыйақылар беріле бастайды. Кейіннен допингке қатысты шикі тұстары анықталады. Осы мәселеде спортшы ғана емес, сонымен қатар оларды дайындайтын мамандардың да жауапкершілігі болуы керек. Жас спортшы допингпен ұсталса, оның жанында ешкім табылмайды, спортшы жалғыз қалады», - деді Нұрлан Нығматулин.

Осы орайда Н. Нығматулин допинг жағдайы елдің имиджіне кері әсерін тигізетінін атап өтті.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жалпы отырыста ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Парламент Мәжілісінің қарауындағы заң жобасы аясында допинг пайдаланған спортшыларды қандай жаза күтіп тұрғанын айтты.

Соңғы жаңалықтар