Мәжіліс: теміржол көлігімен тасымалдауды жетілдіруге арналған құжатты талқыланды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне теміржол көлігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес, тариф құрудың ашықтығын арттыру және теміржол тасымалы саласындағы тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету қажет. Осыған байланысты министрлік теміржол саласының әртүрлі секторларына қатысты түзетулер топтамаларын дайындады», - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.

Заң жобасының бірінші бөлігінің негізгі бағыты жолаушылар тасымалын субсидиялау рәсімдерін жеңілдетуге қатысты.

Жолаушылар тасымалы шығынды және мемлекеттік бюджеттен шығыстардың бірнеше баптары бойынша субсидияланады. Бұл вагондарды жалға алу, күтіп ұстау, сатып алу, вокзал шаруашылығы, локомотивтік күш және магистральдық желі қызметтері.

«Бұл ретте, ҚТЖ тарапынан жолаушылар тасымалдаушыларына локомотивтік күш және магистральдық желі қызметтеріне төмен тарифтер қойылады, ол өзіндік құнынан 3 есе төмен. Бұл жүк тасымалдау есебінен жолаушылар тасымалын субсидиялаудың ішкі кроссы деп аталады. Мұндай жүйе бұрыннан жұмыс істейді және нарықта тек бір жүк тасымалдаушысын қарастырады. Алайда, қазіргі уақытта жүк тасымалдауды 3 тасымалдаушы, яғни бір ұлттық және 2 жеке тасымалдаушы орындайды. Заң жобасы нарықта бірнеше жүк тасымалдаушысы бар тиісті бәсекелестікті дамытуға бағытталған», - деді министр.

Жолаушылар тасымалдаушыларын қолдау тұрғысында жүк тасымалдаушылардың теңгеруші төлемі енгізілетін болады, бұл кросс субсидиялаудың заңнамалық негізін жасауға мүмкіндік береді.

«2020 жылы мұндай төлемді Ұлттық жүк тасымалдаушысы ғана төлейтін болады, ал 2021 жылы тетікті іс жүзінде пысықтағаннан кейін төлемді жеке жүк тасымалдаушылары да жүзеге асыратын болады.

Сондай-ақ «Жолаушылар локомотивтері» жеке заңды тұлға құру ұсынылады, ол тасымалдаушыларға локомотивтік күш пен магистральдық желі қызметтерін жабуға субсидия алушы болады. Өз кезегінде, «Жолаушылар локомотивтері» тасымалдаушыларға локомотивтік күш қызметтерін төмен бағамен ұсынады», - деді Атамқұлов.

Сонымен қатар, жолаушылар тасымалдаушыларына магистральдық желі бойынша тегін жол жүру орнатылады. Осылайша, заң жобасымен жүк тасымалдау есебінен жолаушылар тасымалын субсидиялауды жария ету және жеке жүк тасымалдаушылардың магистральдық желіге ашық қол жеткізуі үшін саланы реформалаудың бірінші дайындық кезеңін іске асыру жоспарлануда.

Нәтижесінде, субсидияларды әкімшілендіру жақсарады, локомотивтік жетекші күш қызметтеріне арналған шығыстарды есепке алудың ашықтығы артады.

Заң жобасының екінші бөлігінде жыл сайын Ұлттық тасымалдаушының кірістерін төмендететін жасырын транзитке тосқауыл қою жоспарлануда.

Соңғы жаңалықтар