Мәжіліс сыбайлас жемқорлыққа сараптама жасауға бағытталған жобаға Сенат енгізген өзгерістерді қабылдады

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 23-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Нормативтік құқықтық актілер туралы» ҚР заңына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу мәселелері бойынша өзгеріс енгізу туралы» заң жобасына Парламент Сенаты енгізген өзгерістерді талқылап, құжатты қабылдады,

   деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Аталған заң жобасына Парламент Мәжілісінің бір топ депутаттары бастамашылық жасаған болатын. Заң жобасы нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы міндетті ғылыми сараптама жүргізу институтын заңнамалық бекітуді көздейді. Сондай‑ақ, құжат  бойынша «Нормативтік құқықтық актілер туралы» заң сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың негізгі міндеттерін қарастыратын тармақпен толықтырылады.  Тоқтала кететін жайт, Үкімет 2009 жылы заң жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізуге қосымша ақшалай қаражат бөлу жөнінде оң қорытынды берген.  Бұл шығыстар 2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджетті түзету кезінде де ескерілген. Бұдан басқа, заң жобасымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптаманы кезең кезеңімен қаржыландыру көзделіп отыр. Атап айтқанда, Үкімет 2010 жылдан бастап Мемлекет басшысы мен Үкімет актілерінің жобаларына, ал  2011 жылдан бастап орталық және жергілікті мемлекеттік органдар актілерінің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізуге қаражат бөлуді тұтастай мақұлдаған. Ал бұл бағыттағы шығын мөлшері алдағы уақытта республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде нақтыланатын болады.

Заң жобасына сенаторлар ҚР Президентінің барлық нормативтік құқықтық жарлықтарына сыбайлас жемқорлыққа қарсы міндетті ғылыми сараптама жүргізуді реттейтін жаңа редакциясын біршама түзеткен еді. Сонымен бірге, заң жобасын қолданысқа енгізу көзделетін мерзіміне қатысты өзгерістер ұсынылған болатын. Мәжіліс Сенат енгізген өзгерістерге келісімін беріп, құжатты қабылдады. Енді заң жобасы Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.

 

Соңғы жаңалықтар