Мәжіліс стрестік активтер нарығына қатысты құжатты мақұлдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне стрестік активтер нарығын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл заң жобасы Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауындағы стрестік активтерді экономикалық айналымға қайтару жөніндегі тапсырмасына сәйкес әзірленді. Осы заң жобасы 4 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді және мынадай негізгі бағыттардан тұрады. Біріншіден, заң жобасында стрестік активтерді авторизацияланған сатып алушылардың қолданыстағы тізімін жеке инвесторларды қосу арқылы кеңейту көзделеді.

«Қазіргі уақытта Банктер туралы заңның 36-1-бабына сәйкес, авторизацияланған сатып алушылар тізіміне екінші деңгейдегі банктер, банктердің стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйымдары, Проблемалық кредиттер қоры, коллекторлық агенттіктер және басқа да қаржы ұйымдары кіреді. Бұл ретте, тізім кеңейтіліп, банктердің және микроқаржы ұйымдарының стрестік активтерін жеке инвесторларға сату құқығы беріледі», - деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова.

Оның айтуынша, жеке инвесторларға заңды тұлғалардың және дара кәсіпкерлердің қарыздарын сатып алуға рұқсат етіледі. Қарыз алушы – жеке тұлғалардың құқықтарын қорғау үшін заң жобасында жеке тұлғалардың кредиттерін инвесторларға сату көзделмеген.

Заң жобасында сервистік компаниялар институтын құру көзделеді. Олар инвесторларға проблемалы кредиттер бойынша қызмет көрсету және басқару қызметтерін іске асырады. Сервистік компаниялар институтын дамыту - стрестік активтердің өтімді нарығын құру үшін қажетті жағдай жасайды.

Құжатта жеке инвесторлардың сатып алынатын қарыздарды сервистік компанияларға сенімгерлік басқаруға беру міндеті көзделеді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2016 жылдан бастап банк секторын қалыпқа келтіру бойынша қабылданған шаралар нәтижесінде 6,7 трлн теңге сомасындағы стрестік активтер есептен шығарылды. 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша стрестік активтер мөлшері 2,3 трлн теңгені немесе банк жүйесі активтерінің 6 пайызын құрады.


Соңғы жаңалықтар