Мәжіліс спикері Н. Нығматулин Словакия Ұлттық кеңесінің төрағасымен кездесті

None
None
АСТАНА. 12 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Словакия Ұлттық кеңесінің төрағасы Павол Пашкамен кездесті.

Жүздесу барысында парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды. Мәжілістің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл спикерлердің парламентаралық деңгейдегі алғашқы кездесулері.

Тараптар қазақстан-словакия ынтымақтастығының өзекті мәселелерін талқылап, екі елдің сауда-экономикалық және әлемдік саясаттағы өзара қимыл-әрекетіне баса назар аударды. Нұрлан Нығматулиннің атап өткеніндей, бүгінгі күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік қауымдастық үшін маңызды және ауқымды бастамаларының арқасында, Қазақстан маңызды мәселелер талқыланатын, халықаралық сұхбат алаңына айналды. Өз кезегінде Павол Пашка Н. Назарбаевтың басшылығымен биік беделге ие болған Қазақстанның даму қарқынын өте жоғары бағалады.

«Сіздердің елдеріңіз барлық деңгейде өзіндік салмағы бар, даму қарқыны бүкіл әлемнің назарынан тыс қалмайтын ел»,-деді мәртебелі мейман.

Парламентаралық ынтымақтастық тақырыбына да жеке көңіл бөлініп, екі ел спикерлері салалық парламенттік комитеттер мен достық топтар арқылы заңнамалық органдар арасындағы ықпалдастықты кеңейтуге қызығушылық білдірді. Тараптар елдер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі, әсіресе парламентаралық деңгейде табысты дамытудың мүмкіндігі зор екеніне сенім білдірді.

Соңғы жаңалықтар