Мәжіліс: Серік Егізбаев Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы болды

None
Фото: primeminister.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палатаның Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы болып Серік Егізбаев сайланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Регламентке сәйкес Мәжілістің бір тұрақты комитетінің төрағасы паламенттік оппозициядан сайланады. Парламенттік көпшілік және парламенттік оппозицияға кіретін саяси партиялар фракциялары басшыларының тиісті консультациялары өтті. Оның барысында бірлескен шешімге сәйкес, Мәжілістің бір комитеті, яғни Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы оппозициядан ұсынылады. Ал қалған комитет төрағалары парламенттік көпшілікпен, яғни «AMANAT» партиясы фракциясынан сайланады», - деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.

Осы орайда, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы лауазымына Серік Рахметоллаұлы Егізбаевтың кандидатурасы ұсынылды.

Палата депутаттары аталған ұсынысқа қолдау білдірді.

Айта кетейік, С. Егізбаев «Ауыл» партиясының атынан Мәжілісте депутат болып бекітілді.

Серік Егізбаев 1963 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген.

Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясын, Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген. Мамандығы бойынша біліктілігі — ғалым агроном, мемлекеттік қызмет менеджері, заңгер.

Еңбек жолын Орал (қазіргі Батыс Қазақстан) облысындағы «Чапаев» асыл тұқымды мал зауытында жұмысшы болып бастаған.

1986 жылдан 1990 жылға дейін өңірдің комсомол ұйымдарында әр түрлі лауазымдарда жұмыс істеген.

1990-1997 жылдары — Орал облыстық Қазақстан Жастар одағының хатшысы-идеологиялық бөлімінің меңгерушісі, Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан Жастар одағының бірінші хатшысы.

1997-1998 жылдары Батыс Қазақстан облысының әкімдігінде бас инспектор және ұйымдастыру және кадр жұмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары лауазымдарында қызмет атқарған.

2000 жылдан 2001 жылға дейін ҚР Қаржы министрлігінің Ұйымдастыру және кадр жұмысы департаментінің бөлім басшысы болып жұмыс істеген.

2001-2007 жылдары ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесінде түрлі қызметтер атқарған.

2007-2016 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінде түрлі лауазымдарда жұмыс істеген.

2016 жылғы қазанда ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі болып тағайындалды.

2017 жылғы наурызда — «Қазақстан» РТРК басқарма төрағасының өңірлік даму жөніндегі орынбасары.

2019 жылдың қыркүйек айынан 2021 жылдың ақпан айына дейін Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.


Соңғы жаңалықтар